Кеше ашынып отырып «Шынында не істейміз? – деген сұраққа жауап: «будильникті» бақыртып қою керек...» деген шағын жазба жазған едім. Соған жазылған пікірлердің ішінен үшеуін іріктеп алып отырмын:
1) Нұртай Ерназар: «Ұдайы айтып жүрген дұрыс қой, бірақ бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратын нақты бағдарлама, қазақ түгелге жуық қолдайтын жүйелі жоспар, қырыққа бөлінген қазақтың басын біріктіретін ұлттық идеология болса дейміз ғой. Əйтпесе «білімділеріміз» көп болғанмен, бірлігіміз жоқ болып жатыр ғой».
2) Нұрлан Қазақ-Жалайыр: «Қазақ ұйықтап жатқан жоқ, қазақ нәпсісін тойдыра алмай жүр, оңай баюдың жолын іздеп жүр!»
3) Кульжапбаров Кулипхан: «Әйтеуір жеккөруді насихаттау, кемсіте беру не керек? Ал қазақ «оянды!» – не істемекпіз? Билік жаман, мұғалімдер жаман, полиция, дәргер, ғалымдар жаман... Яғни өзіміз соған лайықпыз...».
Ешкімнің көңілін қалдырмайтын жалпақ шешей Қожанасыр ғұлама айтпақшы, жоғарыдағы айтылған үш пікір де, осы пікірлерді тудырған менің пікірім де өзінше дұрыс деп ойлаймын. Мен «оу, қазақ оян, ояна ғой, құлыным!» дегенде, қазақты оятып алып, қырғыздар сияқты төңкеріс жаса деп тұрғам жоқ (оның бетін аулақ қылсын). Аз ұйықтап, көп тіршілік жаса деп тұрмын.
1) Нұртай-Карл, мәселенің бәрі қандай тамаша жазылса да, вроде, сауаты бар қазақтың ешбір «нақты бағдарлама», «жүйелі жоспар», «ұлттық идеологияны» тәрк еткенімен қоймай, үстіне үйіп тышып тастайтындығында болып тұр ғой?!
2) Нұрлан Қазақ-Жалайырдың айтуынша, қазақ баяғыдан ояу, ел-жердің қамының үстіне қ... қойып қойып, тек баюды көздеп, қутыңдап жүр. Егер болашақта елден-жерден айырылсақ, ол байлық неге керек, қазақ тым болмаса соны түсінсе екен деген ой ғой менікі.
3) Кулипханның пікірінше, кемсітіп, намысына тиіп, қазақты «оятып!» алдық делік, әрі қарай не істемекпіз? Барлық жаман нәрсеге өзіміз лайықпыз! – деп нүкте қояды. Қазір күллі әлем, бір жамандықты сезіп, күндіз де, түнде де, ұйқысы қашып, көшеде жүр. Бүкіл қазақтың тағдыры қазір – биліктің қолында. Не істеймін десе де өзі біледі. Менің бар айтпағым, қазақ халқы тағдырының көкейкесті мәні бар тұстарын биліктен алып, өзі шешіп, өзі қолына алса деген ниет. Оның қарапайым мысалы: Мен өзімнің әйеліме сенгендіктен, үйдің біраз тірліктерін оған сеніп тапсырғам. Ол мені алдамайды. Себебі, екеуіміздің некемізден туған төрт перзентіміз бар. Маған жамандық жасағаны, өзінің перзенттеріне жамандық жасағаны. Ал енді соншалық сенетіндей «Билік» пен «Қазақтың» некесінен «Перзент» бар деп ойлайсыз ба? Бар болса, соны санап беріңізші...