Кез келген ұлт – өзінің ерекше ұлт екендігіне шын сенгенде ғана, тауды да қопарады, тасты да жарады, басты да жарады. Бұған дәлелді алыстан іздеп, тарихты қопарып, философияны сорпадай сапырудың қажеті жоқ. Бірінші дүниежүзілік соғыста оңбай жеңіліп, иттің итақайына репарация (өтемақы төлеу) төлеген Германия арада 20 жыл өткесін, өздерінің ерекше халық екеніне имандай сенген немістер бүкіл Еуропаны түгел басып алды. Есімдерінің бас әріптері «Г»-дан басталатын «гадтар» КСРО-ға шабуыл жасап – 27 млн. адамның өмірін жалмады (соғыста өлген бір атамның зиратын ғана таптым, ал қалғандары әлі табылған жоқ), ақырында тағы ойсырай жеңілді. Бірақ сол «Г»-дан басталатын «гадтар» миларына әбден құйып тастаған болу керек, неміс елі қазір әлемде үшінші дамыған ел болып, жайнап-жайқалып отыр. Қазақ «әу» дей берсе «ой, бәрекелде» деп қолдаудың орнына, «тәйт әрі тантыған неме, тыныш отыр» деп шекеден шертіп қалу, тіпті болмаса төбеден бір қою, ақыр соңында тоғыз жыл бұрын құтырған ит сияқты қуып жүріп тапаншамен ату, қазақты тірідей өлтіріп бітті. Жүрегінің отын алып қойды. Ал ертеңгі күні армяндар еліне лап қойған мына азербайжандар сияқты біреулер елімізге лап қойса, әбден жасық болып қалған қазақ өз елін қалай қорғамақ. Қазақтың төбесінен төмпештеп отырғандар осыны неге ойламайды. Әлде олар қазақсыз ұшпаққа жетемін деп ойлай ма?! Бұл дүниеде ел, халық әлдебір жетістікке жетемін десе, басқа елдерден бір қадам алға озық ойлай білуі керек. Логикадан жұрдай, стандартты түрде ойлау арқылы жетістікке жету қиын. Мен өз басым – қазақтың ерекше жаратылған халық екеніне және мұндай халықты жер бетінен іздеп таппайтыныма сенемін. Бұл жай құрғақ сөз емес. Отыз жылдан аса уақыт бойы тілін, ділін, этнографиясын, тарихын, тағдырын және тағы басқаларын шұқшиып ұзақ зерттеу нәтижесінде түйген түйінім. Әттең, әрбір қазақ мен сияқты ғұмыр бойына қолы бос кезде қазақ халқының қалаған бір жақсы қасиетін шұқшиып тиянақты түрде зерттесе, қазір менің қасыма келіп жайғасқан болар еді. Мен өлсем өлейін – бірақ осы ерекше жаратылған қазақ өлмесе екен...
360-шы Қара пайым-сөз: Қазақ ерекше жаратылған халық, мұндай халықты жер бетінен іздеп таппайсың!
20 октября 202020 окт 2020
1 мин