Найти в Дзене
ИМАН ЖӘНЕ ЗАМАН

308-ші Қара пайым-сөз: Қазақтың әскери бюджеті қанша долларды құрайды екен?..

Қазақтың «жиған-тергенің тойға шашылсын» деген сөзінің мәнін осы уақытқа дейін дұрыс түсінбей келген ақымақ екенмін. Қытай мен Үндістан Гималай тауының етегінде бір-бірімен ырылдасып тұрғанын көріп, күллі әлем «әне-міне үшінші дүниежүзілік соғыс басталады» деп бал ашқалы біраз болып қалды. Бірақ үлкен жанжал мүлде басқа жақтан шықты. Әзербайжандар әскери бюджетін 2,5 млрд. долларға дейін өсіріп, бес қаруын сайлап алған соң, әскери бюджеті небәрі 500 млн. армяндардың ту-талақайын шығарып, Таулы Карабахта қырғын соғысты бастап кеп жіберді. Былай қарап тұрсаң әзербайжандардікі дұрыс деп айтуға болады. Ресейдің көмегімен сонау 1994 жылдары Әзербайжан елінің әжептеуір жер аумағын басып алған армяндар «осымен іс бітті» деп ойлаған ақымақтықтары үшін сазайын тартып жатыр. Бұл соғыс ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір болатыны анық еді. Мұны жай прагматист ретінде айтып отырмын. Бірақ түптеп келгенде Таулы Карабахта шыбындай қырылып жатқан халыққа обал-ақ. «Тәжі-дерт» індеті етектен тартып жатқанда, мына соғыс жағадан алып жатыр. Қазақ жиған-тергенін тойға шашып мәз болып жүр. Ертең балдызым Ақболған мейрамханада өтетін «құда күту» тойына шақырып жатыр. Барайын десем, тәжі-дерт жұқтырып, бала-шағама зиян келтіріп алам ба деп сескенемін, бармасам, балдызым ат құйрығын кесіскелі отыр. Дилемма деген осы. Әрине, ақшаны адамдарды қырып-жойып, қасірет орнататын соғысқа шашқаннан көрі, тойға шашқан дұрыс қой. Бірақ, әзербайжандар мен армяндардың соғысына қарап отырып, осы қазақ елінің әскери бюджеті қанша долларды құрайды екен деп соңғы кезде еріксіз ойланып жүрмін. Ұстазым Қалекең «жау жоқ деме – жар астында, бөрі жоқ деме – бөрік астында» деп жиі айтып отырушы еді. Бүгінгі қазақтың «дұшпаны жоқ, тек достары ғана бар» дегенге Сіз шынымен сенесіз бе?!