Мемлекеттік қызметші мінсіз болуы керек. Алайда кейбір мемқызметкерлердің келеңсіз тірліктері ойға қалдырып жатады. Мәселен, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Алмас Садубаевтың туған күніне сыйлық алып жатқан видеосы қазір әлеуметтік желіде қызу талқылануда. Көпшілік әкім орынбасарының туған күніне сыйлық алғанын емес, оған сүйсіне қарағанын сынауда.
Аталған жайтқа байланысты ең алдымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментіне хабарласып, мән-жайды сұрадық. Ондағылар қала әкімінің орынбасары туған күніне алған сыйлығын кеше мемлекеттік қорға қайта өткізгенін айтты. Егер мемлекеттік қызметкерге сыйлық тосыннан келіп қалса, ол 7 күннің ішінде тартуды құзырлы мекемеге тапсыруға құқылы екен. Ал егер олай етпесе 600 АЕК көлемінде айыппұл арқалайды.
Бұл ретте Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Еркебаевтан қала әкімінің орынбасарының қылығы Әдеп кодексі нормасы бойынша қалай қаралатындығын сұрадық.
– Негізі, тәртіптік іс қозғалды. Қазір мамандар тексеріс жүргізіп жатыр. Алайда ең бірінші біз Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің тексерісін күтеміз. Содан кейін Әдеп кеңесінде қарау, әлде қарамау жөніндегі шешім шығарылады. Егер Тараз қаласы әкімінің орынбасары Алмас Садубаевтың әрекеті «Мемлекеттік қызметке кір келтірді» деп бағаланса, лауазымынан төмендетілу немесе қызметіне толық сәйкес емес түріндегі жаза белгіленуі мүмкін. Бірақ бұл шешімді Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері шығарады.
Мемлекеттік қызметші сыйлықты құзырлы мекемеге өткізді дегеннің өзінде қала әкімінің орынбасары туған күніне тартуды біліп алып тұрғаны видеода анық көрініп тұр. Сондықтан бұл жақтары да жіті қаралады, – дейді департамент басшысының орынбасары.
Қалай дегенде де қала әкімінің орынбасары Алмас Садубаевтың әрекеті Әдеп жөніндегі кеңесте қаралатын секілді. Ал жазасы қандай болатындығы белгісіз.