Найти тему
ИМАН ЖӘНЕ ЗАМАН

298-ші Қара пайым-сөз: Мен өмірде көп нәрсеге дайынмын, бірақ Питер айтқан өмірге дайын емес едім!

2018 жылдың 1-қыркүйегіне дейін мен де мына Сіздер сияқты қазақы болмыспен ойлаушы едім. Қазақы болмыс деген – тар төрт бұрышты тор көз қапас. Өзің үшін бәрі де дұрыс көрінеді, бірақ сырт көз үшін қи сасыған лас қораның ішінде байланып тұрған бұзау сияқтысың. Анда-санда «мөөө» деп мөңіреп қойып, алдыңдағы астаудан кеуіп кеткен нәрі жоқ шөпті күйсеп, нәжісіңді астыңа жіберіп тұра бересің, шаршағанда нәжістің үстіне жата саласың. Австарлияның ғұламасы Питерді Алматының әуежайынан күтіп алғанда, ол менің аяғымнан басыма дейін көзәйнегін киіп алып, бір шолып шығып: «You really are Kaldarkhan?» (Сен шынымен де Қалдархансың ба?) – деп сұрады. Шамасы ол мені көзіне басқаша елестеткен болуы керек. Шамамен үш ай бойы ортақ жоба бойынша айтысып-тартысып, қазақ халқының надан емес, ғылымы, мәдениеті бар ел екенін дәлелдеп шықсам керек. Еліне кететін кезде: «Сен басқа қазақтарға ұқсамайсың, ойлана аласың, таста бәрін, мен саған нағыз әлемді көрсетемін, жүр менімен бірге» деп жата жабысты. Мен «жоқ» деп басымды шайқадым. Егер осы ұсынысты Питер 30-40 жыл бұрын айтқанда ойланбай кете берер ме едім, қайтер едім. Ол 18 жасқа толғанда, АҚШ-та өзімен құрдас жас балалар (бүгінгі Билл Гейтс т.б.) компьютер ойлап тапқанын есітіп, әке-шешесін тастап, кемеге отырып Калифорниядағы «Силикон алқабынан» бір-ақ шыққан екен. Сол кеткеннен әке-шешесін қайта көрмепті, бір рет үйленген екен, үш айдан кейін ажырасып кетіпті. Қазір сол некеден туған қызының қайда екенін де білмейді, білгісі де келмейді. «Ғылым, ғылым» деп жүріп бүкіл ғұмыры жалғыздықпен өткен адам. Ертең өлгенде сені кім көмеді десем, мәйітханада денемді өртеп, күлімді шашқызып тастауға өсиет жазып қойғам дейді. Салқынқандылықпен, жымия отырып айтқан оның сөздерін естігенде денем түршікті. Мен өмірде көп нәрсеге дайынмын, бірақ мұндай өмірге дайын емес едім. Ол жай кеткен жоқ, тып-тыныш жатқан қазақы болмысымды аударып-төңкеріп кетті. Өмір туралы терең толғанғанда ғана нағыз шыңғырған шындық туралы жазатын шығармашылығың оянып кетеді екен...