Осыдан бес-алты жыл бұрын экономика саласы бойынша PhD (әдетте «пи-эйч-ди» деп айтады) атағын алып, докторлық қорғаған бір қарындасым ҚБТУ-ға (Қазақстан-Британ техникалық университеті, KBTU) қызметке алынған еді. Білетін болсаңыздар бұл университетте сабақ тек ағылшын тілінде жүргізіледі. Әуелде бір айдай сабақ беріп, артынан университеттің әкімшілік жұмысына ауысып кетті. Себебін сұрағанымда, қарындасым: «Кейбір студенттерімнің білімі, менің біліміммен пара-пар болып тұрды, әлі де білімімді жетілдіру керек екенін түсіндім» деп ақталды. Перзенттерімді босанудың ара-арасында, төрт дипломы бар әйелім Ардақ бір мамандығы педагог болғандықтан, бөбектерге балабақшада ағылшын тілін үйретіп, басқа уақытта логопед болып жұмыс жасады. Бір күні шай үстінде: «Қалеке, қазіргі сәбилер Wi-Fi (waɪ faɪ) дәуірінің жеткіншектері. Оларға көп дәріс берудің қажеті жоқ. Жаттайтын тақпақтарды дауысын шығарып қойып қойсаң, сабақтың соңында көп сәбилер (соның ішінде біздікі де бар) әлгі тақпақты жатқа айтып отырады» деп жағасын ұстаған еді. Қазіргі жастарымыз қазақтың ұлттық танымы мен болмысы жағынан «мәңгүрт» болғанымен, ілім-білім жағынан осы парақшамда отырған қай-қайсымыздың да аузымызды аңқитып, к... таңқитып кететін қабілеттері бар. Мұны айтып отырған себебім, жастарға қазақтың туысқандық қасиеті, жеті ата танымы, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі және т.т. жөнінде ақыл айтпас бұрын, әуелі өзіңіз осы тақырыпты жақсылап меңгеріп алмасаңыз «шах» болумен құтылмай, «мат» болуыңыз әбден мүмкін. Осы жалғыз мүмкіндігіңізді жіберіп алсаңыз, сәби-баладан бастап, жастарға дейін ақылыңды өз басыңа майлап жақ деп тыңдамай қоятынын тағы да ескерткім келеді. Аға буын біздердің жастар алдындағы осал тұсымыз – Жеті ата тақырыбы. Сол себепті «Жеті ата танымы» туралы бірер сөз айтуды жөн көріп отырмын.
284-ші Қара пайым-сөз: Бала-шағамызды мына толассыз ақпараттар легі тым «ақылды» қылып жіберді
1 минута
19 сентября 2020