Сырт көзге әрбір атқан таңның, батқан күннің бір-бірінен, бір күннің екінші күннен ешбір айырмасы жоқ, заман тып-тыныш болып тұрған сияқты көрінеді. Ақиқатында бұл алдамшы көрініс. Шын мәнінде дәл қазіргі кезде күллі әлем аласапыран, аумалы-төкпелі табиғи сұрыпталуды (естественный отбор – «natural selection» немесе «survival of the fittest») бастан өткеріп жатыр. Тіпті дәл қазір осы жазбаларды жазып жатқанымда, дөңгелек әлемнің екінші бетінде «қайсы ел тарихта қалуға лайық, ал қайсысы лайық емес» деп ортақ тізім жасалып жатуы да мүмкін. Ойдан ой туып ағылшын тілінде жазылған әлемнің дамыған елдері мен дамушы елдерінің және өмір сүруін тоқтатқан елдердің тәуелсіздік алған кезінен бастап санағанда, алғашқы тоғыз жылы шешуші рөл атқарғанын байқадым. «Тоғыз» санында не құдірет бар екенін білмеймін, бірақ алғашқы тоғыз жылында билік пен бүкіл ел-халық болып тыпырлап мемлекеттік жүйені бірге құрған елдер әлемнің алдына шыққанын, ал алғашқы тоғыз жылын тырқ-тырқ осырып, жырқ-жырқ күліп текке өткізген елдер әлемнің соңында қалғанын байқадым. Сол елдердің біреуі өкінішке орай біздің Қазақстанымыз. Келіспесеңіз ғаламтордан тапқан кез келген елдің тарихын оқып, оны бүгінгі жағдайымен салыстырыңыз. Қазақтар 1991 жылдың желтоқсаны мен 2000 жылдың желтоқсаны аралығында не жасады, өз өміріңізді еске түсіріп қараңыз. Қиыншылық деп құрт-құмырысқа теріп, бір күндік ішер асымызды базардан тапқанымызға мәз болып жүрдік. Тап сол кезде билік өзіне қажет нәрсенің бәрін жасап алып, темір-бетонды бүгінгі мемлекеттік жүйені (система) құрды. Мысалы, бүгін аяқ астынан демократшыл болып кеткен М.Аблязов сол кезде министр болып осы жүйенің алғашқы кірпішін қалаушылардың бірі болды. Тек 2000 жылдардан кейін, лауазымынан айырылып қалған кезде ғана, бұрын билік басында болған шенеуніктер «ойбаййй, біз өзі қандай мемлекет құрғанбыз» деп тәубелеріне түскенімен, енді бір нәрсені өзгерту мүмкін емес еді. Көп ұзамай аса белсенділік танытқан кейбіреулері оққа ұшты. Сонымен бәрі бітті, бәрі өшті. Ел тек отыз жылдан кейін ес жиып, билікті өзгертуге күш салғанымен, азу тістей бекіп, нығайып алған билік бәрін шайнап, түкіріп тастап отыр. Алдағы уақытта Аблязовтың шаруасы бітсе, халықтың қамын ойлаушы болып өзеурейтіндер әлі де табылар, бірақ енді бірнәрсе өзгереді дегенге өз басым сенбеймін. Ақылға қонымды жалғыз қалған нәрсе, құм мен цементті шайнап жеп алған қазақтың енді су ішіп, бетон болып қатып, құрып кетпеуін күйттеу ғана. «Қазақтың тоғыз танымы, сегіз сенімі және жеті жетістігі» атты жазбаларымды жазу себебім де осыдан туындап отыр. Ел аман болсын, жер аман болсын, жұрт аман болсын, ендігі қалғаны осы ғана...
280-ші Қара пайым-сөз: Ел аман болсын, жер аман болсын, жұрт аман болсын, ендігі қалғаны осы ғана
19 сентября 202019 сен 2020
4
2 мин