Найти тему
ИМАН ЖӘНЕ ЗАМАН

277-ші Қара пайым-сөз: Қазақтың тоғыз танымының төртінші танымы – туысқандық болып саналады

Осы жерде отырған мен құралпылас жігіттердің кез келгені, жас кездерінде қариялардың маңғазданып, күпініп отырып «Жігіттің үш жұрты бар» деп бастайтын әңгімесін талай естіген болар деп ойлаймын. Көп қиыншылық көріп, бейнеттен көзі ашылмағандықтан болар, қазақ халқы өмірден тек өзіне керегін ғана ойып алады да, басқасын тәрк етіп, жайына кетеді. Ойбай-ау, мынау да керек нәрсе ғой, қолтығыңа қысып ала кетсейші десең де, алмайтын нәрсесін өліп қалса да алмайды. Сол өмірден ойып алған жақсы қасиеттерінің біреуі осы «Жігіттің үш жұрты бар» деп басталатын әңгіме. Бұл әңгіме әрі қарай: «Өз жұртың – күншіл, бар болсаң – көре алмайды, жоқ болсаң – бере алмайды, жақсы болсаң – күндейді, жаман болсаң – жүндейді. Нағашы жұртың – сыншыл, жақсылығыңа сүйенеді, жамандығыңа күйінеді. Әрқашан тілеуіңді тілейді, тілеуқор, қамқоршы болады. Қайын жұртың – міншіл, қолыңның ұзындығына қарайды, жағаңның қызылдығына қарайды, берсең – жағасың, бермесең – дауға қаласың» деп жалғасып кетеді. Бұл әншейін әдемі әңгіме үшін ұйқастырылып айтылған арзан дүние емес. Оның астарында барлық қазақты бір шаңырақ, бір тудың астына біріктіруге ұйытқы болатын «туысқандық» деген қадір-қасиеті мол ұғым жатыр. Кешегі қазақтың да, бүгінгі қазақтың да бар жиған-тергенін шашып (тіпті банктен несие алып) той жасауының жалғыз себебі, осы туысқандықтың нәзік байланысы мен болмысын үзбей, жалғастырып отыру болып табылады. Әрине, той болғасын туысқандарың да, тамада, әртіс әнші-күйшілерің де сыбағасын алады, тіпті ауыл-қаланың иттері де сенбі-жексенбі сайын ғылым анықтаған рефлекс бойынша, аш қалмайтынын біліп, тойхананың маңында тіміскіленіп жүреді. Өзім де той жасап 2016 жылы ұлымды үйлендірдім, 2019 жылы той жасап қызымды ұзаттым. Той деген жатқан шығын, ысырап екенін ешкім айтпаса да білемін. Бірақ қазақтан басқа ұлттардың – туыстарының тойларына өздері жейтін ішіп-жемдерін көтеріп алып келетіндерін ешбір түсіне алмаймын. Сөйтсе де ананікі дұрыс, мынанікі бұрыс деп айтуға дәтім бармайды. Той біткен соң шығынға шаш-етектен батқаныңды сезіп тұрсаң да, көптен көрмеген өз жұртыңнан, нағашы жұртыңнан және қайын жұртыңнан келген туысқандарыңды көріп, көңілің кәдімгідей марқайып, жайланып, «косякка» кіргеніңді ұмытып кетесің. Австралиялық Питер ғұлама досым қазақтың ғаламтор желісінен қазақтардың жасайтын тойын, неше түрлі дәмнен дастарханның майысып, сынып кете жаздап тұратынын көріп, менен «мұның бәрін не үшін жасайсыңдар?» – деп сұраған еді. Мен жымиып – туысқандар мен қонақтарды риза ету үшін жасаймыз дегенімді ол қасқа сол күйі ешбір түсіне алмай қойды. Себебі, Питер қанша жерден ғұлама болса да, оның өн бойында – туысқандық қасиет жоқ, ол қасиет тек қазақта ғана бар. Ішіңіз енді сезіп отырған болар, Қазақтың тоғыз танымының төртінші танымы осы – туысқандық болып табылады. Туысқандық деген не нәрсе өзі, талдап көрелікші...