Мына, Қалекең де басымызға бір бәле болды ғой, жазбалары қашан таусылады өзінің – деп жақтырмай отырған шығарсыздар. Бірақ, өмір үнемі бір орнында тапжылып тұрмайды, аспандағы Ай, Күн, жұлдыз бен планеталар сияқты орын ауыстырып, алға жылжып отырады. Қазақы тоғыз танымның екі танымының бетіне қарап отыра бермей үшінші танымға жылжитын уақыт келді. Таныс болыңыз, қазақы тоғыз танымның үшінші танымы – қазақтың тілі. Сол-ақ екен, ооо, соры арылмаған байғұс қазақтың тілі, өз елінде жүрсе де, өгей баланың кебін киіп жүр – деп әр-жерден зарлаған дауыстар естіледі. Көп қазақ қазіргі кезде өз тілінде жазбақ түгілі, сөйлей де алмайтын халге жетті. Жоғарғы билік басындағылар қазақтың топырағын басып, нанын жеп жүрсе де, өзінің АНА ТІЛІН менсінбей, шүлдірлеп орыс тілінде сөйлейді. Сөйтіп отырып «біздер қазақ тілін реформалап жатырмыз, таяуда нәтижесін көресіздер» деп зәрлі жымиып қояды. Мен бұл реформадан әлдебір жақсылық болады деп үміттенбеймін. Тілі орысшамен шыққан қазақтар, кейіннен қазақ тілін үйреніп, қазақ болуы мүмкін бе деген ой еліміз тәуелсіздігін алғалы бері маза берген емес. Шіркін эксперимент жасап көрер ме еді деп те ойлап жүретінмін. Алла көп көрмесін, екінші әйелім топырлатып төрт перзент туған соң, басыма өз перзенттеріме қазақ тіліне қатысты эксперимент жасау туралы қатыгездік ой келді. Сәбилерімді әдейі орыс балабақшасына, соңынан орыс мектебіне беріп, орысшаны бойларына сіңдірдім. Қазір алдыңғы үш перзентімнің сыртқы түрі қазақ болғанымен, бүкіл болмыстары орыс. Содан әйелім екеуіміз ақылдасып, жоспар құрып, үйде өзара тек қазақша сөйлесуге келістік. Үш ұлым әуелде біздердің қазақша сөздерімізді түсіне алмай еңіреп, жылап жүрді. Бірақ қазір үлкен ұлым Әбілқайыр, аз-аздап акцентпен қазақша сөйлей бастады. Осы жай әсер етіп екінші ұлым Әбубәкір де кейбір қазақша сөздерді айтатын болды. Төрт жастағы үшінші ұлым Омар әзірге тек алдыңғы екі ағасы сияқты орысша сөйлейді. Небәрі алты айлық Мәриям қызымды да ағалары секілді орыс балабақшасы мен орыс мектебіне беремін. Егер ғұмырым жетіп, осы төрт перзентімді ақыр соңында қазақша ойлап, қазақша жазатын, сөйлей алатын етіп шығарсам, онда қазақ халқының болашағы бар екендігіне көзім анық жететін болады. Ал бұған қол жеткізе алмасам, онда алдағы уақытта қазақ халқын қиын кезеңдер күтіп тұр деп қорытынды жасаймын. Дәл қазір көпшілігіңіз мені кінәлап, боқтап-боралап жатқан шығарсыздар. Бірақ мен мұның бәрін атақ-даңқ үшін емес, ұлтым, тілім үшін жасап отырмын. Қазақ ұлты үшін перзенттеріміз түгілі, өзімізді де ешбір ойланбай құрбан етуден тайынбайтын болған кезде ғана, қазақ ел болып аяғынан тік тұрып қала алады, осыны ұғыңыздар!
265-ші Қара пайым-сөз: Қазақы тоғыз танымның үшінші танымы – қазақтың тілі
17 сентября 202017 сен 2020
1
2 мин