Найти в Дзене
ИМАН ЖӘНЕ ЗАМАН

302-ші Қара пайым-сөз: Ақша десе көзі шырадай жанатын, ғылым десе құрысып қалатын қазағым-ай

Қазіргі қазақ қоғамында «қолыңнан келсе қонышынан бас» деп билігі бар бір қазақ екінші бейшара қазақты қолынан келгенше қанап-сорып жатыр. Осылай ақша тауып, рахат пен ләззатқа қатар батқан ат төбеліндей адамдар бар. Қалған қазақтар содан келіп шулайды, шулайды, бірақ қолынан ешнәрсе келмейді. Қоғамымызда неге мұндай әлеуметтік әділетсіздіктер орын алуда? Бұл дерттің емін Абай бабамыз 150 жыл бұрын «Ғылым таппай мақтанба» деп дәл айтқан болатын. Кешегі СССР кезінде қазақ жаппай сауаттанса да, ғылымды былай қойғанда, қарапайым заңдарды оқуға ынта танытпады. Осыдан келіп жаппай надандық меңдеген қазақты сауатты қазақтар мен кәріс, еврей, орыс, дұнған, ұйғыр, өзбек т.т. әбден басынып, басына шығып алды. Егер қазақ білімді болмаса, бұл билікті аударып-төңкеріп тастағаннан пайда жоқ. Біраз уақыт өткен соң келесі биліктің құлдығына түседі. Айтайын дегенім, барлық мәселе қазақтың өзінің енжарлығы мен тоғышарлығында. Қазақ халқы дәл қазір онлайн өтетін сабақты түсіне алмай, миы қатып, жылап-еңіреген менің бірінші сыныпта оқитын Әбубәкір балам сияқты. Ілім-білім-ғылымды бір сәтте әсер ететін уколдың күшімен меңгеріп кете алмайсың. Оны бірте-бірте аз дозамен алып меңгересің. Ендігі алдымыздағы болашақ тек осы ілім-білім-ғылыммен ғана тығыз байланысты. Ақшаны ұрлап-жырлап табатын заман аяқталуға жақын, әрі қарай ақшаны тек ғылыммен ғана табатын заман туып келе жатыр. Қазақ оны қаламаса да, солай болары анық. Сол себепті перзенттерімізге осы нәрсені дұрыс, жетесіне жеткізіп түсіндіруіміз керек. Ал біздер мен бүгінгі ұрпақ осы қойдай маңыраған қалпымызбен өтеміз. Енді бізге білім қонбайды, өйткені Абай бабамыз айтқандай «қолымызды мезгілінен кеш сермеп отырмыз»!