Дәл қазіргі кездегі белгілі болған деректер негізінде түзілген қазақтың тайпа-ру-кіші рулар шежіресіне назар аударып қараңыз: https://kk.wikipedia.org/wiki/Қазақ_руларыҚазіргі қазақ руларының құрамындағы көптеген тайпалар төмендегі үш еңбекте көптеп кездеседі: 1) Рашид Әд-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» (Жылнамалар жинағы) еңбегі; 2) Әбілғазы Баһадүр Хан (1603-1664, Хиуа ханы 1645-63) жазған «Шежіре-и Түрк» (Түркі шежіресі, 1665) еңбегі; 3) Қадырғали Жалаири (Қадыр Әлі Қосымұлы би, арғы тегі Жалайыр, 1530-1605) 1602 жылы жазған «Жылнамалар жинағы» еңбегі. Бұл үш еңбекте бүгінгі қазақ халқына да ортақ түркі-моңғол тарихы – маймыл емес, нақты Адам Атадан басталып, өздері өмір сүрген дәуірге дейінгі аралықты қамтиды.
1) Рашид Әд-Дин Фазлаллах ибн Абу-ль-Хайр Хамадани (лақап аты ат-Тәуіп – емші, 1247-1318, иран тарихшысы және мемлекет қайраткері) – Хулагу әулетіне жататын Абаға хан тұсында (1265-82) қызметке араласып, 1298-1317 жж. Иранды билеген моңғол хандары Ғазан хан мен Улжайту ханның уәзірі болды. Оның еңбектерінің ішіндегі ең құндысы – 3 томнан тұратын тарихи деректер негізінде жазылған «Жамиғ ат-тауарих» (Жылнамалар жинағы) болып саналады;
2) Әбілғазы Баһадүр Хан (1603-1664) – Хиуа ханы (1645-63), тарихшы-шежіреші. Әбілғазы Хорезм хандығының астанасы Үргеніште Жошы хан ұрпағынан тараған Арабмұхамед ханның отбасында туған. Әбілғазы жазған «Шежіре-и Тарахима» (Түрікмен шежіресі, 1661 жылы) және «Шежіре-и Түрк» (Түркі шежіресі, 1665) атты тарихи екі шығарма шығыстануда, оның ішінде түркітану мен қазақтануда кеңінен танымал болды.
3) Қадырғали Жалаири (Қадыр Әлі Қосымұлы би, арғы тегі Жалайыр, 1530-1605) деп аталған бұл кісі Ресейдің атақты патшасы Борис Годуновтың қол астында жүріп, 1602 жылы «Жылнамалар жинағын» жазып бітірген. Бұл – қазақ тілінде жазылған тұңғыш ғылыми еңбек. Қадырғали Жалаиридің деректеріне Шоқан Уәлихановтан бермен қарай талай тарихшылар, зерттеушілер сүйеніп келеді.
Отыз үш (33) шағын жазбадан тұратын «Қазақы тарихта» мен негізінен осы үш еңбекке сүйендім. Бұл қазақы тарихтың бұған дейінгі басқа тарихтардан айырмашылығы – тарихи оқиғалардың бір жолмен ғана қысқартылып жазылуында. Одан көп жазсам, оқырман оны оқымайтыны маған белгілі. Оны алдағы уақытта өздеріңіз бағалай жатарсыздар.