Найти в Дзене
ИМАН ЖӘНЕ ЗАМАН

225-ші Қара пайым-сөз: Дүлей апат алдындағы тым-тырыс тыныштық орнап тұр, Алла ақырын дұрыс қылсын!

Әдетте қандай да бір құлақ есітіп, көз көрмеген табиғаттың дүлей апаты не жер сілкінісі не цунами және т.т. болар алдында, табиғат тым-тырыс болып, демін ішінен алып тына қалады (the calm before the storm – затишье перед бурей). Тіпті тыным таппайтын шегерткенің шырылы да естілмейтін тым-тырыс тыныштық орнайды. Күллі әлемнің дәл қазіргі қалпы тура сондай дауыл алдындағы тыныштық орнаған кез десем қателеспеймін. Бұл тым-тырыс тыныштық қаншаға созылады, оны білмеймін (5, 10, 50, 100 жыл). Бірақ содан кейін әрбір қас қағым сәті ғасырдай ұзақ көрінетін әлем табиғатында бұрын-соңды болмаған ғаламат аласапыран, адамзат қоғамында адам ауызы жеткізіп айта алмайтын сұмдық бір өзгерістер басталғалы тұрғандай. Талай демей-ақ қояйын, бірақ Жер бетіндегі бірлі-жарым тәкаппарланып қасқиған немесе басқалармен бірге басқа түскенін көрерміз деп қамсыз отырған бірнеше мемлекеттер дауылдан кейін қайтадан тыныштық орнағанда, әлемдік тарихтың «архивінен» бір-ақ шығуы да ғажап емес. Сол мемлекеттердің ішінде қаймана қазақтар құрған момын мемлекетіміз де кетіп қалмасын деп жанталасып осы жазбамды қысқа уақытта жазып шықтым. Бірақ бұл жазбалардың арғы жағында, сіздерге көрінбейтін 30 жылда оқыған 3-5 мың парақтай түрлі дереккөздер бар. Жасыратыны жоқ, соңғы 30 жыл уақытымыз мағынасыз сенделумен, теңселіп сеңдер мен теңдерге бас соғумен текке өтті. Соның салдарынан қазақтар қазір миы ашыған үйрек пен балықтар секілді құйрығымен теріс жүзіп жүрген жайы бар. Мықты мақсатты көздемеген ешбір нақты міндеті жоқ адамдар тобыры өз мемлекетін, не ет емес, не балық емес мемлекет өз азаматтарын ешқашан да қорғап қала алмайтынын – тарих бірнеше рет дәлелдеп, көзімізге көрсетті. Бірақ қазақтар содан сабақ алды деп айта алмаймын. Ал тарих толқыны шығарып тастаған елді түгелімен жұтып қоятын қара құрдымның қомағайлығында шек жоқ, жұтады да, қылқанын түкіріп тастап, «тағы да бар ма?» деп жұтынып тұрады!