Найти тему
ИМАН ЖӘНЕ ЗАМАН

223-ші Қара пайым-сөз: Атамыз қазақ «келісіп пішкен тон келте болмас» деп текке айтпаса керек

Жалпы біздің Шәуілдірде Кеңес Өкіметі қанша тыйым салса да «Наурызды» наурыз көже жасап мереке ретінде атап өту, одан қалса ораза тұту, ауыз ашар жасау, жетім-жесірлерге пітір-садақа жинау сияқты қайырымдылық іс-шаралар ешқашан толастаған емес. Айт намаздарын ақсақалдар ауыл ортасындағы үлкен көгал алаңда жиналып оқитын. Туылған сәбиге азан айтып ат қою, өлген кісіге жаназа шығару, құдайы тамақ беру және т.т. мұсылмандық салт-дәстүр қатты ұсталатын. Қазіргі заманауи технологияларды, әлеуметтік желіні пайдаланып, осы уақытқа дейінгі оқыған-тоқығандарымды бүгін Сіздерге айтқалы отырмын. Жазбаларымның ортақ тақырыбын «Қазақтың тоғыз танымы, сегіз сенімі және жеті жетістігі» деп атадым. «Таным, сенім, жетістік» туралы кейін айта жатармын. Ең басты нәрсе «осы қазақ қайдан пайда болды?» деген мәселе болып тұрғаны шындық. Сол себепті алдағы уақытта ұзақ-сонар «Тарихтың екі түрі бар: бірі – қазақы тарих, екіншісі – ғылыми тарих...» деген тақырыпты талқылағанымыз дұрыс болар деп ойлаймын. Бұл жазбаларым ұнаса – оқырсыздар, ұнамаса – сөз таластырарсыздар. Жеке өз басым жауапкершіліктен қашпаймын, менмендігім жоқ, өлсем де менікі дұрыс демеймін, қателігім көрініп тұрса мойындаймын және түзетемін. Жалпы халықпен пікір алмасқанды және тыңдағанды дұрыс көремін. Өйткені атамыз қазақ «келісіп пішкен тон келте болмас» деп текке айтпаса керек.