Баяғы бала күндерімде біздің ауылда Наурызбай және Наурызбек деген ағалы-інілі екі ғұлама ақсақал бар еді. Араларына жылдар салып екі перзенті де келісіп алғандай наурыз айында туған соң, әке-шешелері есімдерін осылай қойған екен. Шамамен сол 1975 жылдары ауылда бір үй бір себептермен дастархан жайса, Наурызбай және Наурызбек ақсақалдар қолтықтарына арабша-парсыша жазылған кітаптарын қолтықтап келіп, әңгіме-дүкен құратын. Тіл-әдебиетке жақын болғандықтан, ауыл балалары сияқты асық-доп ойнамай, құлағым қалқайып, қабырғаға арқаларын сүйеп отыратын шалдардың арт жағында отырып алып, сол әңгімелерді мен де тыңдайтынмын. Құйма құлақ болғандықтан, сол әңгімелердің көпшілігі көкейімде жатталып қалды. Бала кезде естіген әңгімені, есейгенде балтамен шауып өшіре алмайсың деген сөз рас екен. Енді міне, жылдар жылжып емес, ұшып өтіп, өзім де сол шалдардың жасына жетіп жығылдым. Менің бұл жазбаларымда бұрын айтылмаған-жазылмаған «Қазақы тарих» сөз болады. Қазіргі оқып жүрген «ғылыми тарихты» қаласаңыз, ғаламтордан оны оңай тауып алуға болады. Жоғарыда айтқан Наурызбай және Наурызбек ақсақалдар үнемі осы «Қазақы тарих» туралы айтатын. Мен тек сол кісілердің айтқандарын аздап ғылыми, әдеби жүйеге келтіріп айтып беремін. Мұқағалидың сөзімен айтқанда «Қазақтың күпі киген қара тарихын (өлеңін), шапан жауып өзіне қайтарамын». Жұмбақтап айтқан бұл жайларды түсінген осы арадағы қазақтар, жоғарыда аз-аздап, бөліп-бөліп бергелі отырған жазбаларымды не мақсатпен жазып шыққанымды да түсінері хақ...
224-ші Қара пайым-сөз: Тарихтың екі түрі бар: бірі – қазақы тарих, екіншісі – ғылыми тарих...
12 сентября 202012 сен 2020
1 мин