Шымкент қаласының тұрғыны Артығалиев Шералы деген азамат «түсімде Қазығұрттың басына төрт пирамида тұрғызсаң, қазақ елі де, күллі әлем де «Тәжі-дерттен» айығады деп аян берді» деп 1768 метр биіктікке күн сайын көтеріліп-түсіп жүріп, Аллаға деген сеніммен биіктігі үйдей төрт пирамида тұрғызыпты: https://otyrar.kz/2020/08/na-gore-kazygurt-poyavilis-piramidy/?utm_referrer=https%3A%2F%2Fzen.yandex.com Бұл айтуға оңай болғанмен, әлгі азаматтың шеккен мехнаты мен азабын көзге елестету қиын. Сөйтсе де бұл жағдай маған жақсы таныс. Сенім – осы жалған өмірдегі тұғырымыз бен тіреуішіміз екеніне 1991-1995 жылдар аралығында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында жұмыс жасап жүргенімде талай рет куә болдым. Құдайдың жердегі үйі болған соң орталық мешітке және «ИМАН» газетіне ара-тұра «маған Құдай, не пәлен деген әулие аян берді, былай деп айтты» деп адамдар келіп тұратын еді. Оларға «оу, көке-ау, мен психиатр емеспін, мен жай редактормын деп түсіндірейін» деп келген адамның бетіне қарағанда, көзіндегі «сенім отын» көріп тосылып қалатын едім. Өмірімнің сол кезеңдерінен ұққаным «адамның сеніміне» ешқашан балта шабуға болмайды екен. Әр сенімнің артында киесі тұрады. Ол адамның саясатта, экономикада, әкімшілік-құқықтық заңдарда ешбір шаруасы жоқ, оның барлық есіл-дерті сенімінде. Сенімін жүзеге асыру үшін малын да, мүлкін де, керек болса жанын да аямайды. Қазақ даласындағы қаптаған қорғандар мен түрлі ежелгі құрылыстар соның айғағы. Мұның бәрін айтып отырған себебім, күні кеше Түркістан облысы мен Қазығұрт ауданының әкімдігі әлгі азаматқа «өзің тұрғызған пирамидаларыңды өз қолыңмен қайта бұз» деп сот арқылы шешім шығарыпты. Бұлай жасауға болмайды шенеунік мырзалар, бұл тірліктеріңізбен сіздер әлгі адамның сенімін сындырып, өмірінің барлық мән-маңызын тас талқан етесіздер. Одан да жаманы сіздерді әлгі адамның сенімінің киесі соғуы да мүмкін. Жай, ескертіп отырмын. Жоғарыдағы фотодан әлгі пирамидалардың пропорциясы жақсы сақталып, әдемі соғылғаны көрініп тұр. Ақыры тұрғызылған екен, «2020 жылы осындай тажал індет болған» дегенді білдіріп, келер ұрпаққа ескерткіш болып қала берсін...