Оқырман қауым сөз арасында мысал ретінде айта салған «араның шырын жинаған әрекетінің өзі тұтас бір әңгіме» деген сөзімді шап беріп ұстап алған сияқты. Ал енді бізге күшті болсаң «ара» туралы әңгіме айтып бер деп отырған сыңайлы. Жарайды айтайын. Қазақта «нақыл» (назидание- edification, наставление-instruction) деген сөз бар. Бұл сөздің арабша аудармасы «ара» (жәндік) дегенді білдіреді. Қасиетті Құранда 128 аяттан тұратын 16-шы «Ара» (Нахыл) сүресі бар. Бұл сүрені оқып көрсеңіз, расында да тұнып тұрған «нақыл сөздер тізбегін» көресіз. Бірақ жәндік араның нақыл сөзге не қатысы бар? Түсіндіріп көрейін. Мысалы, сіз бен біз, әдетте араны санасы жоқ, тек шағып алуды білетін жәндік ретінде ғана танимыз. Бірақ сіз сол санасыз аралар, құжынап жүріп құйып шығатын алты қырлы ұяларына назар аударыңызшы. Ұзындығы, ені және ұя көлемінің пропорциясы миллиметрдің жүзден бір бөлігіне ауытқымайды. Түп-түзу, оқтай және әдемі. Қазіргі уақытта сәулет (архитектура) саласында жұмыс жасайтындықтан, күн сайын ғимараттар мен имараттардың ондаған-жүздеген жобасын көргім келмесе де, көруге мәжбүр боламын. Бірақ адамдар сызған сол жобалардың ішінде, аралар соққан әдемі ұяға тең келетін бір де бір жобаны әлі көргенім жоқ. Барлық жобалар бір текті, бір-бірінің көшірмесі. Сондай-ақ «Ара» сияқты санасы жоқ «Өрмекші» (69 аяттан тұратын Құранның 29-шы сүресі) құрған торға қараңыз. Оның беріктігі мен әдемілігі еріксіз таң қалдырады. Ойланатын қауым осының бәрінен Жаратушының құдіретін көреді.