Freedom House мәліметіне сүйенсек, әлемдегі елдердің төрттен бір бөлігінде сөз еркіндігі жоқ. Өкінішке қарай, олардың қатарында Қазақстан да бар.
Неге журналистердің өміріне жиі қауіп төнеді?
Журналист – әрбір азамат білуі тиіс ақпаратты жинап, жария ететін қоғам қызметкері. Оның кәсіби қызметі қоғамдағы кез келген мәселеге қатысты болуы мүмкін. Ал журналистің басты міндеті – қоғам алдындағы адалдығы.
Бүгінде журналистердің белгілі бір саяси күштің немесе тұлғаның "қолшоқпарына айналып кетті" дейтін пікір жиі айтылады. Расында да демократиялық принциптер ескерілмейтін автократиялық елдерде медиа нарығы үкіметтің монополиясына айналып жатады. Демек, олар сол ел билігін дәріптеуші күшке айналады.
Десе де, кез келген елде журналистің жазылмаған кодексін құрметтейтін, тек қоғамға қызмет ететін әріптестеріміз бар. Олар әділ шешімді іздеп, шындықты судың бетіне шығару жолында автократиялық билік немесе солшыл ұйымдар тарапынан қысымға алынады. Тіпті өміріне қауіп төнетін сәттер де аз емес.
Қай елдерде журналистер үшін қауіпті?
Журналистерді қорғау комитетінің (Committee to Protect Journalists) мәліметіне орай, 2018 жылдың басынан бері әлемде 71 медиа қызметкері өлтірілген. Олардың 19-ын өлтіру мотиві анықталмаған.
Журналист өміріне қауіпті елдердің қатарында Ауғанстан көш бастап тұр. Жыл басынан Ауғанстанда 15 медиа қызметкердің өмірі қиылған болса, тізімді Мексика (9), Йемен (8), Сирия (7) және АҚШ (6) жалғастырады.
XXI ғасырдың басында журналистерге жасалған қастандық Азияның оңтүстік-шығыс бөлігіндегі елдерде жиі тіркелсе, соңғы онжылдықта Таяу Шығыс және Африканың солтүстігіндегі елдерде белең алды. Медиа қызметкерлері үшін ең қауіпті елдердің тізімі басында Латын Америкасының Бразилия, Колумбия және Никарагуа сынды елдері де жиі көрінеді.
Қай саладағы журналистерге қауіп көбірек?
Бұл сұрақты медиа саласында көпжылдық тәжірибесі бар ағылшын журналисі, әлемнің 30 елінде өкілдігі бар Ethical Journalism Network ұйымының президенті Айдан Уайтқа (Aidan White) қойып көрдік.
Ағылшын журналисінің айтуынша, қоғамдық тұлға (public person) мен жеке тұлғаның (private person) айырмасын білмейтін елдердегі билік журналистердің жұмысына кедергі келтіріп, олардың құқығын шектеуге бейім. Оған Қазақстандағы Ratel.kz редакциясын сотқа тартылуы мысал бола алады.
Журналистиканың еркіндігі – оның басты құндылығы
Айдан Уайт бүгінгі таңда әлемде коммерциялық тұрғыдан өзін-өзі қамтамасыз ететін медиа ұйымдардың азайып кеткетін айтады. Ал оларды қаржыландыратын ұйымдар мен саяси қозғалыстар өз мақсатында пайдаланғысы келеді.
– Өкінішке қарай, әлемде ешбір ұйымды не саяси билікті қолдамайтын еркін медиа ресурстарының саны азайған. Журналистерді дайындауға, жалпы журналистика саласында жасалатын инвестиция көлемі де кеміген, – дейді ағылшын сарапшысы.
Жамал Хашоггидің өлімі әлемді неге дүр сілкіндірді?
Жамал Хашогги есімді The Washington Post басылымының араб текті тілшісі 2 қазан күні Стамбұлдағы Сауд Арабиясының бас консулдығына кіргеннен кейін жоғалып кетті. Алғашқы 3 аптада Сауд Арабиясының билігі оның жоғалып кетуіне қатысты нақты ақпарат беруден жалтарды. Тек қазанның 22-сі күні Эр-Рияд билігі Жамал Хашоггидің консулдықта болған төбелестің кесірінен қайтыс болғанын ресми жариялады. Бірақ оның денесі әлі табылған жоқ.
Журналистің қастандықпен өлтірілгені, тергеу жұмыстарының барысы туралы әлемнің барлық медиа ресурстары қалмай жазып жатыр. Кейбір сарапшылар оның өлімінің біреулерге тиімді болғандықтан, аты шығып, әлемдік БАҚ өкілдерінің аузынан түспей жатқанын айтады.
Хашогги өлімі АҚШ билігіндегі демократтарға тиімді
Ағылшын журналисі, Гарвард, Оксфорд және Стэнфорд университеттері мен Гувер Институтының профессоры Ниалл Фергюсонның ойынша, Хашоггидің Сауд Арабиясының билігін сынға алғандығы америкалық демократтарға тиімді болып отыр.
АҚШ-та сөз бостандығы бар, бірақ медиа құралдарының мақсаты бөлек
Орыстың белгілі тележүргізушісі Владимир Познер осыдан үш апта бұрын АҚШ-тағы Йель университетінің студенттерімен кездесіп, америкалық БАҚ-тың толық еркін емес екенін айтып, сынады.
Владимир Познер демократтардың медиа құралдарды әдейі осы мәселеге бағыттап отырғаны белгілі екенін ескерді. Себебі Трамптың билікке келуіне Ресейдің қалай араласқаны айғақталса, бұл жаңалықтан демократтардың ұтатыны айдан анық.
"Қазақ билігі азаматтық танытты, бірақ ..."
Осы жылдың мамыр айынан бері Сайрагүл Сауытбай соты мен оның кейінгі жағдайы қазақ басылымдарының басты назарынан түскен жоқ. Ол шекараны заңсыз кесіп өткені үшін тұтқынға алынған болатын. Десе де, сот шешімі бойынша босатылды. Бірақ оған оралман статусын беру мәселесі қиындай түсті.
Белгілі саясаттанушы Дос Көшім informburo.kz тілшісіне Сайрагүл Сауытбай мәселесінде азаматтық қоғам мен үкіметтің ортақ шешім таба алғанын айтады.
– Қарапайым азаматтардың белсенділігі, әсіресе, Қытайдан келген қазақтардың Сайрагүл жағдайына бейжай қарамауға шақыруы, оның босап шығуына белгілі бір деңгейде көмектесті. Қазақ билігі азаматтық танытты, бірақ оның кейінгі әрекеті бәрімізді таңқалдырып отыр, – дейді ол.
Үкіметті сынға алғанның бәрі оппозиция емес
Қарапайым халықтың журналистерге қатысты ойы әртүрлі. Айта кетсек, қазақ үкіметін сынға алатын журналистерді азаматтар оппозиция өкілі деп ойлайды. Дос Көшімнің айтуынша, бұл – үлкен қателік.
Саясаттанушының ойынша, қоғамның медиа саласына қатысты ағартушылық жұмыстарын жүргізу қажет.