Кешегі өткен заманда,
Дін мұсылман аманда,
Қарақыпшақ Қобланды,
Атасы мұның Тоқтарбай
Халықтан асқан болды бай.
Байлығында есеп жоқ,
Айдалып бағып жайылды
Төрт түлік малдың бәрі сай.
Жаз жайлауы Көздікөл,
Көздікөлді жайлаған
Қалың Қыпшақ жағалай.
Тоқтарбайдың дәулеті —
Ішкені мас, жеген тоқ,
Бай - кедейдің көңілі жай.
Қыс қыстауы Қараспан,
Қараспан көкке таласқан.
Ат үйірінен адасқан,
Қалың Қыпшақ тізіліп
Қонса, қоныс жарасқан.
Әліп таңба Қыпшақтың
Атағы озған алаштан.
Сексенге жас келгенше
Бір бала көрмей Тоқтарбай,
Қайғыменен қан жұтып,
Ақылынан адасқан:
«Шөл иесі сұңқар қияқсыз,
Еш нәрсе көрмей дүниеден
Өткенім бе,— деген,— тұяқсыз»
Тоқтарбайдың зарына
Қалың Қыпшақ қайысқан.
Әулие қоймай қыдырып,
Етегін шеңгел сыдырып,
Жеті пірге танысқан.
Әулиеге ат айтып,
Қорасанға қой айтып,
Қабыл болған тілегі,
Жарылғандай жүрегі.
Аналықтай бәйбіше
Қабырғасы майысқан.
Елуге жасы келгенде,
«Көзімді ашпай дүниеден
Өтемін бе?» дегенде,
Сонда көрген арыстан —
Бір ұл, бір қыз атадан:
Қыздың аты Қарлығаш,
Қобландыға қарындас.
Алты жасқа келгенде,
Арыстан туған Қоблан
Қазынадан қамқа киеді,
Өзімнің еншім болсын деп,
Тобылғы меңді торы атты
Енші қылып мінеді.
Қобландының тілегін
Бүкіл Қыпшақ тіледі.