Ғылымға келуі жайында
Ғылымға келуіме тікелей әсер еткен әлбетте Абайға деген сүйіспеншілігім. Университетте оқып жүрген кезімде Абайдың өлеңдерін оқи бастадым. Ол менің өмірлік ұстанымдарымды айқындады...
Алғашқы ғылымға баулыған ұстазым — Жамбыл Артықбаев. Сол кісінің басшылығымен мақалалар жаза бастадым. Тарих факультетінде оқысам да, курстық жұмысымның тақырыбына Абайды таңдадым.
Сол кездері тарих факультетінде КПСС тарихы секілді маған еш ұнамайтын сабақтар өтетін. Әдебиетке ауысып кетсем бе деп жүрген кезде философияға кезіктім. Философия тарихынан сабақ берген Төлеуғазы Әбжанов деген ұстазымды ерекше жақсы көретінмін. Ол кісінің аппақ шашы, мүлтіксіз киім киісін үлгі тұтып, дәріс оқыған кезде сол әлемге кіріп кететіндей сезім кешетінмін. Сол кезеңде менің философияға деген махаббатым басталды. Бердяев, Ницше, Леонтьев, Шопенгауэрдің еңбектеріне ден қойдым. Философиялық білімім кейіннен өмірлік тақырыбымды анықтауға көмектесті. Мен Абай дүниетанымындағы «толық адам» мәселесін зерттеуге саналы ғұмырымды арнадым.