Маханбет Тұрымбетовтың Астанаға көшкеніне бес жылдан асты. Өзі 58 жаста болса да, әлі тың. Оны нағыз халық әртісі деуге болады. Себебі халықтың арасында жүріп, ән айтады. Осы уақытқа дейін ол автобустарда гитарамен ән айтып, мыңдаған адамның жанын жадыратты, көңіліне медеу болды. Көлік жүргізушілері мен кондукторлар оны іздеп жүріп, мінгізіп алады екен. Себебі автобустан жанды әуен шықса, жолаушылар көп мінеді. ҚазАқпарат тілшісі қоғамдық көліктердің бірінен Маханбет Тұрымбетовты кездестіріп, оның вокзалдан бастап соңғы аялдамаға дейін тоқтамай ән айтқанын өз көзімен көрді. Гитарашы ағайдың қоғамдық көліктегі қызықты оқиғаларын да жазып алды.