🕌 🇰🇿 🌿🌷☘️ Ұлы дала сазы 🎼 🎼 🎼 Музыка великой степи 🌿🌷☘️ 🇰🇿 🕌
1K подписчиков

🕌 🇰🇿 🌿🌷☘️ Аты аңызға айналған дәрігер ⚕️🩸🩺 💊 📝💉Нұрлан Құлмағанбетов 🌿 🌷☘️ 🇰🇿 🕌

Ауызекі тілде ЛОР аталып кеткен отоларинголог мамандар бірден үш органның ауруын емдейді. Құлақ, мұрын және тамақ бір-бірімен тығыз физиологиялық байланыста.

Сол себепті бұл органдардың ауруларын кешенді емдеу қажет болады. Аллергиялық асқынулар, тамақтың ісуі, мұрынның бітуі жазда жиі мазалайтыны рас.

Осы аурулар туралы Х.Мақажанов атындағы көпбейінді аурухананың оториноларингология бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Құлмағанбетовпен аз-кем сұхбаттастық. – Нұрлан Құлмағанбетұлы, өзіңіз басшылық етіп отырған бөлім жұмысының ерекшелігі неде? – Біздің оториноларингология бөлімшесі – облыстағы жалғыз бөлімше. 25 жатын орын бар.

Бірінші және екінші санаттағы сегіз дәрігер жұмыс жасайды. Құлақ, мұрын, көмекей ауруларымен ауырып келген адамдарға шұғыл түрде көмек береміз. Облыстан бөлек, еліміздің басқа да аймақтарынан порталмен келіп ота жасатады. Кезек өте көп, кейде орын жетпей жатады. – Мұрын, құлақ, тамақ.

Осы үшеуінің қайсы көбірек кездеседі? – Ең көп таралғаны – гайморит, синусит. Науқастардың 100-ден 40 пайызы осы аурумен келеді. Тағы 40 пайызы құлақ аурулары, қалған 20-сы көмекей, жұтқыншақ сырқатымен келіп жатады.

Көбі аурудың асқынып кеткен шағында, мұрыннан қан кетіп, естен танған шағында түседі. Ондай жағдайдағы науқастар қабылдау бөлімінде толық тексеріледі. Сол арқылы естен тану себебі анықталып, тиісті ем жасалады.

Адам гаймориті бар екенін біле тұра мән бермей жүре беруінің салдарынан осындай жағдайлар орын алады. – Ота қалай жасалады? – Бізде барлық заманауи құрылғылар бар. Құлақтан немесе мұрыннан кеткен ірің миға кеткен жағдайда шұғыл ота жасалады.

Ота барысында жиналған іріңді тазалап, мидың қапшығына дейін барамыз. Гайморит болса мұрыннан және еріннің астынан, құлақ болса, оның артын кесіп жасаймыз. Жалпы, жылына 2 мыңға жуық ота жасалады ғой. – Аденоидқа ота жасату қаншалықты дұрыс шешім? – Аденоитқа ота жасау тек үшінші, төртінші сатысында, асқынған кезде жасалады.

Бірінші, екінші сатысында емдеу қажет. Бұл ауру көбінесе жас балалар мен жеткіншектерде кездеседі. Отаға рұқсат үш жастан бастап беріледі. Аденоид асқынғанда бала мұрнымен емес аузымен демалады, аузын ашып ұйықтайды, қорылдайды.

Ол құлаққа да берілуі мүмкін. Осындай жағдайда шұғыл түрде ота жасалуы керек. Уақытылы көмек көрсетілмесе, баланың бет-сүйегі, жағы қисаюына алып келеді. – Мұрынға тамызатын тамшыларды жиі қолданған адам оған үйреніп алады, тіпті, тәуелді болып қалады дейді.

Бұл мәселенің шешімі бар ма? – Расымен бұл қоғамда көп кездесетін проблема десек болады. Адамның тамшыларды ретсіз қолдануы оған үйреніп алуына әкеледі. Содан адам өмір бойы соны пайдаланып жүре береді. Бұл жағдайды да біз ота жасау арқылы емдей аламыз.

Отадан кейін ондай дәрілерді қолдануға түбегейлі тыйым салынады. – Аллергиялық ринит пен кәдімгі тұмаудың белгілері ұқсай ма? Қалай ажыратуға болады? – Бұл екі аурудың сипаты мүлде бөлек.

Аллергиямен ауыратындар жыл сайын белгілі бір кезде ғана мұрны бітеліп, түшкіруі мүмкін. Ал, суық тию кезінде дене қызуы көтеріліп, бас ауырады. Аллергияны аллергологтар емдейді. Егер олар емдей алмайтын жағдай болса, сонда ғана бізге жібереді.

Сол кезде біз ота жасау арқылы емдейміз. – Еңбек жолыңызды қашан бастадыңыз? – Мен 1982 жылы Қарағанды медицина университетін бітірдім. Еңбек жолымды Ақтоғай аудандық ауруханасында хирург болып бастадым. 1987 жылдан бастап сегіз жыл Балқашта ЛОР-хирург болдым.

Одан кейінгі уақытта осы Қарағанды қаласында қызмет атқарып келемін. Жалпы жұмыс өтіліме – 41 жыл. – Сіздің ойыңызша, мықты дәрігер болу үшін не қажет? – Бірінші орында әрине білім тұрады.

Оқу орнының қабырғасында неғұрлым жақсы оқып, көп біліп шығуға талпыну керек. Жақсы хирург болу үшін еңбек жолын аудандық жерден бастаған абзал. Сол жерде жүріп көп нәрсе үйренуге болады. Бірден мықты маман болып шығу мүмкін емес.

Тәжірибе уақытпен келеді. Білімін жетілдіріп отыру да маңызды. – Сұхбатыңызға рақмет.

Сұхбаттасқан Дильяра ӘБІШЕВА, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ІІ курс студенті
🕌 🇰🇿 🌲🌲🌲 АТЫҢНАН АЙНАЛАЙЫН, ҚАРҚАРАЛЫ 🌲🌲🌲🕌 🇰🇿
Подборка · 
🕌 🇰🇿 🌿🌷☘️ Ұлы дала сазы 🎼 🎼 🎼 Музыка великой степи 🌿🌷☘️ 🇰🇿 🕌
 · 2 из 5
Далее: 🕌 🇰🇿 🌿🌷☘️ Атыңнан айналайын Қарқаралы 🌿🌷☘️ 🇰🇿 🕌
🕌 🇰🇿 🌲🌲🌲 АТЫҢНАН АЙНАЛАЙЫН, ҚАРҚАРАЛЫ 🌲🌲🌲🕌 🇰🇿 · 2 из 5