Найти тему
Qazaqstan Media

СҚО елді мекендерін су басу қаупі жоқ

Биыл облыстың елді мекендерін су басу қаупі айтарлықтай жоғары емес. СҚО ТЖД бастығының орынбасары Мұрат Қанғожинов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында су тасқынына қарсы қандай шаруа атқарылып жатқанын баяндады, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

24 наурыздан бастап Департаменттің Дағдарыс орталығының базасында жедел штаб құрылды. Мамандар тәулік бойы су тасқыны жағдайын бақылап отырады. Апаттың алдын алу мақсатында облыс бойынша 1189 бірлік техника, 116 жүзу құралдары, 474 мотопомпалар және жеке құрамның 1995 адамы, 15 500 тоннадан астам инертті материалдар, 41000 дана қапшықтар дайындалды. Зардап шеккен тұрғындарға азық-түлік жеткізуге 276 ниет-шарт жасалды.

«Тұрғындар үшін 9500 адам сыятын 257 эвакуациялық пункт, 65 шатыр дайындалды. Су тасқыны кезінде жедел әрекет ету үшін 475 адам мен 135 бірлік техникасы бар ТЖД, полиция және Ұлттық ұлан қызметкерлері сақадай сай. Қазіргі уақытта жергілікті органдар Қызылжар ауданы Тепличное селосы мен Петропавл қаласы Заречный кентінде тасқынның алдын алу жұмыстарын жүргізуде», – деді СҚО ТЖД бастығының орынбасары Мұрат Қанғожинов.

Тепличное селосында 200 метр жер үйіндісі нығайтылды, 10000 қап балшық төселді. Заречныйда да жерді қатайту жұмыстары жүріп жатыр.