СҚО-да бүгіндері 4 бірдей дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр. Биыл тағы біреуінің құрылысы басталмақ, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Облыс орталығында «Береке» шағын ауданында бүгіндері 35 мыңға жуық адам тұрады. Биыл мұнда дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталады.
«Бүгінгі күні осы шағын ауданда әмбебап спорт залы, тренажер залы, күрес залы мен бокс залын қамтитын дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Жер телімі бөлінді. Жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өтті», – деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқарма басшысының орынбасары Асылбек Әлдименов.
Қазіргі таңда өңірде 4 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жалғасуда. Нысандар Айыртау, Есіл, Жамбыл және Ғ. Мүсірепов аудандарында салынып жатыр.