Баршаның көптен күткен арманы орындалды, бұдан былай Нұр-Сұлтаннан Токиоға тікелей рейс қатынайды. Енді шалғайда орналасқан жұмбақ елге барып, планетамыздағы технологиясы жоғары дәрежеде дамыған мегаполиспен жан-жақты танысуға кедергі жоқ.
Маңызды! Жапонияға виза тегін. Алайда оны алу үшін қажетті құжаттарды жинау керек. Анық-қанығын Жапонияның Қазақстандағы елшілігінің kz.emb-japan.go.jp сайтынан білуге болады.
Токиоға адамдар не себептен барады? Турасында, көпшілікті саяхатқа аттандыратын – қызығушылық. Бұл қаланың үлкен болғаны сондай, туристер оны бір жылда да аралап үлгермейді. Ол былай тұрсын, токиолықтардың өздері де туған қаласының түкпір-түкпірін жақсы біле бермейді. Жапония астанасы мен оның төңірегінде 35 миллионнан аса халық өмір сүреді! Сондықтан қонақ үй бөлмелерінің, мейрамханалар мен дүкендердің шағын екеніне таңғалмаңыз. Токионың ең мықты аудандарының бірі саналатын Гинзеде бір шаршы метрдің құны екі миллион долларды құрайды. Бұл соманы елестетіп көріңізші, бір шаршы метрі – 2 миллион доллар! Осы себептен Токиода контрафактіге жол бермейтін, беделін бірінші орынға қоятын қымбат дүкендер орналасқан, жылжымайтын мүлікте мұндай ақшаға контрафактілік заттарды сатудың мәні жоқ.
Токиода шопингке шығудың өзі бір ғажап! Туристердің осында асығуының алғашқы себебі де осы. Сіз ойлаған заттар бұл қалада бұрыннан сатылады. Туристер Токионың дүкендерінен сәнді киім, сапалы косметика, сән-салтанат бұйымдары мен ерекше заттарды таба алады. Шарықтаған бағаға деген шағымды жиі естімейсіз, кез келген мегаполис сықылды жапон астанасы да әртүрлі бағадағы тауарлар мен қызметтерді ұсынады. Бұл жерден ешкім сауда жасамай қайтпайды. Тек көліктерді ғана шекара асыруға рұқсат етілмейді. Токиодағы темір тұлпарлардың тізгіні оң жақта, дәлірегі оларды рөлі қобдиша ішіндегі көліктер деп атайды. Есесіне баршаға жақсы таныс автобрендтердің осыншалықты көп ерекше модельдерін планетамыздың басқа ешқайсы бөлігінен таппайсыз, көліктердің ең айрықша үлгілері – тек жапондықтардың өздеріне ғана тиесілі.
Маңызды! Базбір орындарға шетелдіктердің кіруіне рұқсат етілмейді. «Шетелдіктерге қызмет көрсетілмейді» деген тақтайша есіктің аузында ілулі тұруы мүмкін. Ол үшін ренжудің қажеті жоқ, сізді қуана қарсы алатын барлар мен мейрамханалар өте көп.
Эдо – Токио
Токио – жас қала. Біз оның жылын емес, құрылыс нысандарын айтып отырмыз. XII ғасырда оның негізін қалаған жергілікті жауынгер Эдо Тора Сигенада осы жерде Эдо, дәлірек айтқанда «шығанаққа кірер жол» деген атау берілген әскери бекініс салады. XV ғасырда оның жанынан сонымен аттас қамал тұрғызылып, XVI жүзжылдықта Эдо Токугава әулеті сёгунатының астанасы атанды. Эдо-Токио XVII ғасырда территориясында миллионнан аса халық шоғырланған әлемнің ең ірі қаласына айналды, ал бұл сол кезең үшін тым үлкен көрсеткіш еді.
1868 жылы Жапония астанасы императоры және сарайымен бірге Киотодан Эдоға көшті де, оның атауы Токио деп өзгертілді, ал мағынасы «Шығыс астана» дегенді аңғартты. Осындай ұзақ тарихы бар Токиода ортағасырлық ғимараттардың қатары көп болуы керектей түйіледі. Бірақ уақыт пен табиғат бұған жол бермеді. Қала бірнеше мәрте зілзаланың салдарынан зардап шекті, ең соңғы рет 1923 жылы орын алған ең ірі жер сілкінісі жапон астанасын жартылай қиратып кетті. Қала жиі тілсіз жаудың құрсауында қалды, көптеген кварталдарды қызыл жалын шарпыды. 1945 жылы Америка әскері үш рет бомба тастап, ондағы тіршілік атаулының көзін жойды. Соған қарамастан Токио қирандыға айналған ғимараттарын қайта тұрғызып, көшелерінің көркін кіргізді. Осылайша көне қалада жаңа үлгідегі ғимараттардың саны көбейді.
Әлемдегі ең танымал қиылыс
Сибуя қиылысын Бред Питт пен Кейт Бланшетт бой көрсеткен «Вавилон» фильмінде, Боб Мюррей мен Скарлет Йоханссон роль сомдаған «Аударма қиындығы», «Зұлымдық мекені» және әрине, «Үштік форсаж. Токиолық дрифт» туындыларынан жиі көреміз. Күн сайын аталмыш қиылысты қаптаған туристермен бірге мыңдаған жаяу жүргінші кесіп өтеді, олар жол үстінде тұрып суретке немесе видеоға түседі.
Жалпы, Сибуя – Токионың сәнді сауда аумағындағы ондаған тар көшелері бар қиылыс. Айналада неонды маңдайшалар мен еріксіз назарды аудартатын жарнама толып тұр, алып экрандарда бейнероликтер тоқтаусыз көрсетіледі. Әрлі-берлі көліктер зымырайды. Көліктер үшін бағдаршамның қызыл түсі, ал жаяу жүргіншілер үшін жасыл түсі жанбайынша, дәл осы көрініс жалғасады. Әп-сәтте қиылыс ерсілі-қарсылы қозғалған адамдарға толады. Шәйнек ішіндегі шай ұқсап ортада сапырылысқан адамдар тобыры тіке немесе көлденең қозғала бастайды. Бірақ бір-бірімен соқтығысып, қысылып жатқан ешкімді көрмейсіз. Жасыл түс тура бір минут жанады, сол уақыт аралығында жаяу жүргіншілер Сибуяның бейберекет қозғалысымен өз тірлігін күйттеп кете бару үшін, жол бойына жиналып, кезектерін күтеді.
Назар аударыңыз! Сауда орталықтарының бірінің шатырында дәл осы қиылысты тамашалауға болатын айналаны шолу алаңы бар. Онда кіру үшін ақы төлейсіз, дегенмен бұл – тамашалауға тұрарлық көрініс.
Сибуя қиылысын қызықтап көп жүріп қалуыңыз әбден мүмкін, расымен де төңіректің келбеті көз тартады. Дәл осында тұрып Токионың қаншалықты үлкен екенін түсінесіз.
Токиода қызықты дүниелердің көптігі сондай, бәрін түгендеп шығу мүмкін емес! Мүмкіндік туған бетте осы бір тамаша мегаполисті аралаңыз, ұзақ уақыт бойы жағымды әсерден арыла алмай жүресіз. SCAT әуе компаниясының рейсі сізді сенбі сайын керемет эмоция мен сувенирлер жетегінде күншығыс еліне жеткізіп салады.
Коннитива – қайырлы күн.
Комбанва – қайырлы кеш.
Охайо гозаимас – қайырлы таң.
Аригато – рақмет.
Домо аригато – көп рақмет.
Сайонара – сау болыңыз.
Кудасаи – мархабат.
Вакаримасэн – түсінбедім.
Мосимоси – алло.
Ирассяимасэ – қош келдіңіз.
Фото и материал: собственность OMG Kazakhstan.