Алматы облысы, Байсерке ауылының тұрғыны Ерғалидің құмар ойнына құныққанына бес жыл болған. Ай сайын жалақысын ала сала Қапшағайдағы казиноларға жол тартады. Ерғали ақшаның елесі өзін қалай еліткенін, құмар ойынға құмартуының сырын Vox Populi тілшісіне әңгімелеп берген еді.
VOX: Осы ойынға қызығуыңыз қалай басталды? Бастапқы кезде казиноларға жиі бардыңыз ба?
— Менің төрт балам бар. Өзім «доставкада» жұмыс істеймін. Айына шамамен 150 мыңдай табамын. Анаған ақша керек, мынаған керек. Ақшаның жететін күні бола ма? Бір досым танысының казинодан «куш» алып, үй-жайын түзетіп алғанын айтты. Барып көрейін деп, еңбекақымды жинап, сол досыммен бірге Қапшағайға тарттым. Алдында қатты қызығушылық пайда болды. Алғашқы 200 мыңды ұтып алғанда мақтаныш сезімі кернеді. Сосын құмарпаздық бойлады. Екінші, өзге әлемде жүргендей, өзімді басқаша сезіне бастадым. Сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Әйтеуір ұтқан кезде ләззәт аласың, адреналин дей ме? Ойнап жатқан кездің өзі керемет, қаныңды жүгіртеді. Ол жерде бірнеше сағаттап отырасың, уақыттың қалай өтіп кеткенін білмейсің. Үйден, достарыңның, жұмыстан қоңырау шалып жатқанына қарамаймын, қоңырауды басып тастаймын. Басқа бір әлемде, өзге ендікте өмір сүріп отырғандай күй кешемін.
VOX: Ең үлкен ұтысыңыз қанша болды?
— Шынымды айтсам осыған келгелі келіп-кетіп жатқан ақшаның санын да ұмыттым. Нақты айта алмаймын. Былайша айтсам бола ма, ұтқаннан гөрі ұтылғаным көп. Түсініксіз…кіресің, шығасың, не болғанын миың сіңіріп үлгермейді. Неге олай жасадың? Онда не үшін бардың? Иә, ұтқан кездерім болды, бірақ көбіне бірден ұтыламын. Әр түрлі сома. Негізі, тағы да бір рет кіріп бағымды сынап көрсем деген ой келеді. 10–15 минутқа ғана кіріп шығамын деп ойлаймын. Сосын кіресің — 3-4 сағаттан кейін, кейде қалтаң қағылғанда бірақ шығасың. Ұтылған ақшаны есептесем астыма бір су жаңа көлік мінетіндей болдым. Көлігімнің сиқын көріп тұрсыз, өзбектің шіріген ескі мәшинесі.
Толығырақ осы жерден оқыңыздар