Түркі халықтарының пайда болу тарихы, ділі, тілі, мәдениеті, әдебиеті, ғылымы, тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрлері, әскери өнерлері жөнінде «Диван Луғат ат-Түрік», «Джами әл-тауарих», «Қорқыт Ата кітабы», «Шаджар-и Тараким», «Тарих-и-Рашиди», «Ергене Қон», «Шахнама» және т.б. көптеген тарихи жазба деректерінде жазылған. Ата-бабалары туралы нақты баяндалған жазба деректерімен мақтана алатын әлемдегі бірден-бір ел осы түркі жұрты болып табылатынын көпшілігіміз әлі түсіне бермейміз. Әсірелеп айтқанда, жоғарыдағы тарихи жылнамалар басқа планетада өмір сүретін жат жұрттық гуманоидтар туралы сияқты сезінеміз. Қилы-қилы замандар салдарынан жарым-жартылай «мәңгүрт» болған ұрпақтар осылай лағып отырғанда, әлемдік ғылым тарапынан «Түркі өркениеті» деген лайықты атауды қарастыру назарға алынбасы белгілі. Бұған ең бірінші кезекте басқа біреулер емес, түркі халықтарының өздері кінәлі. Біздер даңқты ата-бабаларымыздың асыл мұраларын әлемге танытуда жаппай немқұрайдылық танытудамыз немесе оны қалай жүзеге асыру керектігін білмейміз. Жасыратыны жоқ, біздердің ата-бабаларымыз «отырықшы» тұрмысты тәрк етіп, «көшпенді» ғұмыр кешті, үнемі орын ауыстырып отырды. Бұл жай олардың кемшілігі емес, жетістігі екенін тарих пен уақыттың өзі дәлелдеу үстінде. Түркі халықтары гүлден шырын жинайтын бал аралары сияқты шығыстың өркениеті мен жетістіктерін батыс өркениетіне және керісінше жеткізіп, әлемде «мәдени катализатор» қызметін атқарып отырды. Мысалы, соншама мақтау айтылып, әлемдік «өркениет ошақтары» деп дәріптелген отырықшы елдер, арада 2000 жыл өткен соң, ең баста құдіреті күшті Құдай жаратқан қоғамдық өмірдегі және табиғаттағы тепе-теңдіктердің күл талқанын шығарғанына куә болып отырмыз. Тек қана «тұтынуды» ғана білетін азғындаған ұрпақтар пайда болды және Жер бетіндегі шектеулі ресурстарды жоюға жақындағандықтан, экологиялық апаттар орын ала бастады. Көшпенді ғұмыр кешкен ата-бабаларымыз түптің-түбінде осылай болатынын мыңдаған жылдар бұрын алдын-ала біліп, қоршаған ортадан тек өзіне керегін ғана алып, қалған ресурстарға тиіспеген. Ең баста орын тепкен ата-баба қоныстары оңалып, қалпына келу үшін ата-бабаларымыз көз көріп, құлақ естімеген алыс елдерге сапар шекті. Бірақ артынан көшпенділердің көп бөлігі ата қоныстарына қайта оралып отырды. Бұл айтып отырған жайлардың кейбір тұстарын, осы жолдардың авторы ағылшын тілінде қысқа мақалалар түрінде жариялап, кітап етіп құрастырды. Бірақ көп санды түркі елдері тарапынан қолдау болмағандықтан автордың «Түркі өркениетін» әлемге таныту идеясы тек қағаз жүзінде қалып отыр. Нәтижесінде өткен өркениетіміздің даңқты тарихы жете зерттелмей, бүгінгі түркі халықтарының жаңа ұрпағы аждаһаға жұтылған торғайдың балапанындай болып көрер көзге жойылып-жоғалып барады. Төменде осы тығырықтан шығудың негізгі амалдары, жолдары және ұстанымы түсінікті тілмен жан-жақты баяндалады.
406-шы Қара пайым-сөз: Адамзат тарихының төрінен «түркі өркениеті» деген атау лайықты орнын алуы тиіс
24 ноября 202024 ноя 2020
2 мин