352-ші Қара пайым-сөз: «Кесені қолыма алып қарай бердім, ішінде нахақ көзден жас бар ма деп»...
Осыдан тұп-тура жүз жыл бұрын Ұлы Абайдың жалғасы болып, тамаша қалыптасып келе жатқан қазақтың ақын, ағартушы қылшылдаған жап-жас жігіті небәрі 27 жасында:
«Қараңғы қазақ көгіне,
Өрмелеп шығып, күн болам!
Қараңғылықтың көгіне,
Күн болмағанда, кім болам?» – деген арманына жете алмай қайтыс болды. Біліп отырған шығарсыздар, бұл – Сұлтанмахмұт Торайғыров (1893-1920) деген аяулы атамыз еді. Оның «Бір адамға» деген өлеңі арада 100 жыл өткенде, қазақтың мыңдаған жылдар бойы көксеген мақсатын айқара ашып, ішіміздегі барлық болмысымызды ортасынан қақ жарып, анықтап көрсетеді:
«Бір үйде жиюлы екен қазына мал,
Көрсетті бәрін бізге ақсақал шал:
«Бұрынғы атамызға сыйға берген,
Біздерде мынадай бар, мынадай бар!..»
Ол рас, аталарың шенге алыпты,
Арзан ғып, қымбат емес, кемге алыпты.
Апыр-ай қалай бұлдаған сатқандарын,
Оқа, түйме, сылдырлақ, теңге алыпты!
Суреттер және көрдім жүзі жарқын,
Ойладым: «Оңдырған-ау, баққан халқын».
Соншама құны толық бұлды түйме,
Артында қалдырмас па жақсы даңқын.
Дедім мен: «Құтты болсын шекпеніңіз,
Артқыға қандай егін еккеніңіз?
Жусақ та денемізден кетер емес,
Сондағы тұқым шашып сепкеніңіз».
Көргенде күміс кесе, алтын аяқ,
Бір сөзді тамағыма қойдым таяп.
«Қай момынның малы бар бұл аяқта?»
Демейінше болмады, қарап жай-ақ.
Отырдым көрсем жекіп тастар ма деп,
Шал айтты: «Көріңіздер жасқанба!» деп.
Кесені қолыма алып қарай бердім,
Ішінде нахақ көзден жас бар ма деп».
1991 жылы желтоқсанда еліміз егемендігімізді шегелеп бекіткен тәуелсіздігімізді алғанда, түндей қараңғы болған күніміздің көгіне – Күн шығатын шығар деп ойлаған едік. Бірақ содан бері өткен отыз жылда, қазақ елі арыстан құсап алға атылмады, ырылдайды деген барысымыз мияулаған мысыққа айналды, ақырында шаян құсап артқа жылжып, бір-бірімізге жасаған жамандықтарымыз «соншама қарғап-сілеген КСРО заманынан» да асып түсті. Расын айту керек, бұл отыз жылдың жақсылығы да болды, бірақ ол қазақ халқы үшін емес, ат төбеліндей аз адамдар үшін. Кімдер екенін жоғарыдағы Сұлтанмахмұт атамыздың өлеңінен байқап отырған шығарсыздар...