Кеше әйелім екеуіміз табиғаттың тамылжып тұрғанын пайдаланып, кішкене Мәриям мен Омар ұлымызды Есентай өзенінің бойына серуендеуге бірге алып шықтық. Өзен жағалап жүріп, бір орындыққа отырдық. Әйелім жанымызда салбырап тұрған жапырақтары сыдырылып түсіп қалған ағаштың бұтағын өзіне тартып мұқият қарап отыр екен. Мен не қарап отырсың десем: «Мынаны қара, ағаштар көктемде жапырақ жарып шығатын сияқты кішкене бүршікке айналып қатып-семіп қалыпты» деді. Осы сәтте есіме Жиренше шешеннің: «Қара жердің өлгені – үстін қардың басқаны, ағын судың өлгені – бетіне мұз қатқаны, Ай мен Күннің өлгені – еңкейіп барып батқаны, аспанда бұлттың өлгені – көктің ашық болғаны» – деген өлеңі түсіп, «ағаштардың өлгені – бүршік болып қатқаны» деп бір жол қосып қойдым. Байқап қарасаңыз, адамның өлетінінің, одан соң қайта тірілетінінің дәлелі табиғатта тұнып тұр. Қара жерді қар басқанмен, көктемде қайта құлпырады, ағын суға мұз қатқанмен, көктемде қайта ағады, Ай мен Күн батқанмен, келесі күні қайта атады, күн ашық болып бұлт өлгенмен, уақыты келгенде қайта жаңбыр болып жауады, ағаш күзде бүршік болып қатқанмен, көктемде қайта жапырақ ашады. Адам сәби болып туылады, өседі, жігіт болып қуаты артады, күші қайтады, қарт болады, өледі – осыған қарап адамдар «өмір бір рет беріледі, ішіп-жеп қалайық» деп қателеседі. Өлім – расында адамның мына пәни жалған өмірде көзі ілініп, ұйықтап кеткені сықылды. Бірақ, бір сәттен соң біздің көзімізге көрінбейтін басқа мәңгілік өмірде адам көзін қайта ашып, жаны кеудесіне қонады. Бұған сенбейін десең, бізді қоршаған табиғат бәрі осылай болатынын әр қадам басқан сайын дәлелдеп тұр. Ия, Алла Тағала, мына пәни жалғаннан мәңгілік дүниеме лайықты адам етіп өткізе көр деп күніне бес уақыт намазымды оқып, екі дүниенің арасындағы сол бір күннің сынағынан қорқып дірілдеп отырамын. Мейлі күліңіз, мейлі жылаңыз, өмірім осылай өтіп жатыр...
350-ші Қара пайым-сөз: Адамның өлетінінің, одан соң қайта тірілетінінің дәлелі табиғатта тұнып тұр...
16 октября 202016 окт 2020
1 мин