Петропавл қаласының тергеу изоляторында орналасқан №656-шы жабық учаскеде дауыс беру аяқталды. Мұнда 165 адам өз таңдауын жасады, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» 1995 жылғы 28 қыркүйектегі №2464 Конституциялық заңға сәйкес үкімі заңды күшіне енбеген тергеу изоляторларында ұсталатын ҚР кәмелетке толған азаматтарының жалпыға бірдей белсенді сайлау құқығы бар. СҚО бойынша ҚАЖД №66-шы мекемесінде 165 тергеу-қамауға алынған адам дауыс беруге қатысты. Жабық сайлау учаскесі өз жұмысын таңғы 7-де Қазақстан Республикасының әнұранын орындаудан бастады. Қауіпсіздік шаралары да ұмыт қалған жоқ. Мекеме басшылығы мен қызметкерлері материалдық-техникалық қамтамасыз етуді толық ұйымдастырды. Сайлаушылардың тізімдерін дайындау және оларды құжаттандыру жүргізілді. Сондай-ақ, дауыс беру кезінде стендтерде ережелер және үміткерлер туралы барлық қажетті ақпарат орналастырылды.