Найти тему
Qazaqstan Media

Әсемгүл Ахметова: Жерлестерімді толғандырып жүрген мәселелерді жақсы білемін

«AMANAT» партиясынан Петропавл қалалық мәслихатының депутаттығына № 4-ші округ бойынша үміткер Әсемгүл Ахметова шаһардағы бірқатар нысандарды аралап, халықпен кездесіп, өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырып жүр, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі. 

Әсемгүл Ахметова өмір бойы мемлекеттік қызметте еңбек етіп, өңірдің дамуына өз үлесін қосып келеді. Шал ақын, Мамлют аудандарында жұмыс істеген білікті маман ауылдағы ағайынның да, қалалықтардың да мәселелерімен жақсы таныс.

Қазіргі таңда Әсемгүл Ахметова «AMANAT» партиясынан Петропавл қалалық мәслихаты депуттатығына үміткер ретінде шаһар тұрғындарымен кездесіп, өзінің сайлауалды бағдарламасын түсіндіруде. Онда қоғамдық көлік жүргізушілеріне жағдай жасау, азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін жаңа кәсіпорындар ашу және инвестициялық жобаларды іске асыру сынды маңызды мәселелер көтерілген. Ол өңірдегі медициналық мекемелерді қажетті құрал-жабдықтармен қамтасыз етуге де баса назар аудару қажет дейді. Сондай жиындардың бірі Ахмет Байтұрсынов атындағы № 9-шы мектепте өтті. Білім ордасының ұжымы кандидатқа мектепте күрделі жөндеу және абаттандыру жұмыстарын жүргізу қажет екенін жеткізді.

«Үгіт-насихат жұмыстары басталғалы бері мұндай кездесулер жиі ұйымдастырылады. Себебі, біздің басты мақсатымыз – қалада қандай проблемалар бар екенін анықтап, оларды шешу жолдарын іздестіру. Көбіне тұрғындар көп қабатты үйлердің маңында спорт алаңқайларының жоқтығына, абаттандыру жұмыстарының тиісті деңгейде жүргізілмеуіне, жол сапасына, кей жерлерде бейнабақылау камераларының жоқтығына шағымданады. Сайлауалды бағдарламамда тұрғын үй кезегі, көпқабатты үйлердің құрылысына, жеке үйлер салу үшін жер учаскелерін беруге жәрдемдесу сынды бағыттар да бар», – дейді Әсемгүл Ахметова.

Петропавл қалалық мәслихатының депутаттығына кандидат Ә.Р. Ахметованың тапсырысы бойынша «QazaqstanMedia» ЖШС дайындады, үгіт-насихат іс-шаралары республикалық бюджет қаражатынан төленді.