Найти тему

26 МЫҢМЕН САНАСҚАН ПРЕЗИДЕНТ, 126 МЫҢНЫҢ ТАЛАБЫН ҚАШАН ЕСКЕРЕДІ?!.

Қаңтар қырғынынан кейін Алматы тұрғындары Сағынтаевтың қызметтен кетуін талап етіп, арнайы петиция ұйымдастырғанын білетін шығарсыздар. Петицияға жалпы саны 26654 адам қол қойды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Хабар» арнасына берген сұхбатында осы петицияға байланысты «Халықтың пікірін ескеруім керек!» деп айтып, екі күннен кейін Сағынтаевты қызметінен алып тастады.

Ал, «Қазақ үні» ақпарат агенттігінде «КОНСТИТУЦИЯДАН 7-баптың 2-тармағын АЛЫП ТАСТАП, МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ ҚАБЫЛДАУ КЕРЕК!» атты әйгілі Ашық хатымызға қол қойғандар саны 126 107 адам. Хатты оқығандар саны 1 миллионға жетіп қалды. Және бұл тек біздің сайт оқырмандары негізіндегі көрсеткіш.

Бұл Ашық хаттың тарихы терең, қиын. Бұл Ашық хат - миллиондаған адамның үміті мен сенімі.

Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» фракциясының мүшесі, белгілі ақын Қазыбек Иса кезінде, 2011 жылы сүйекке қарысқан табандылықпен осы хаттың жазылып, жариялауына тікелей бас болып,оған 138 ұлт зиялысы қол қойған еді. Әйгілі 138-дің хаты аталған бұл Ашық хатты қолдаушылар ақиық ақын Мұқтар Шаханов бастап, “Сарыарқа” кинотеатры жанындағы алаңға митингіге де шыққан еді.

Қазақ тілін қолдаған бұл хатқа қол қоймай қашқандар да, қарсы шығып, дауыс жинап, мемлекеттік тілге сатқындық жасағандар да болды.

Ал, осы хаттың негізінде 2017 жылы 26 ақпанда жарияланған «МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ТӘУЕЛСІЗДІГІ АТА ЗАҢДА АЙҚЫН КӨРІНСІН!» атты екінші Ашық хаты жарияланды.

Сол жылы Конституцияны реформалау бойынша комиссия құрылған болатын. Қазыбек Иса көкемнің тікелей тапсырмасымен мен ол Ашық хатты Конституциялық комиссияға жолдаған едім. Нәтижесінде сол кезде Президент әкімшілігін басқарған Әділбек Жақсыбеков сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевқа ұлт зиялыларының талабын жеткізген болатын. Ол уақытта хатты жалпы қолдаушылар саны 600-ге жеткен еді.

Конституциядағы орыс тілі туралы 7-баптың 2-ші тармағын алып тастап, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау мәселесін ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңестің 2019 жылғы 6 қыркүйекте өткен бірінші отырысында ақын Қазыбек Иса көтеріп, қоғамда қатты қолдау тапқаны белгілі. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі бұл ұсынысты өндіріске алып, толыққанды, бүгінгі заман мен қоғам талабына сай Мемлекеттік тіл туралы заң жобасы тұжырымдамасын жасап, Үкіметке жіберді.

2020 жылы 9 сәуірде Ашық хат толықтырылып, үшінші мәрте жарияланды. Мемлекеттік тілде нан сатып ала алмайтын халықтың шыдамы әбден таусылды ма, әйтеуір, сол жолы хатқа қол қойғандар саны рекордтық деңгейге жетті.

Небары бір жарым айда қол қойғандар саны 125 мыңнан асып кетті.

Қазыбек Иса 2021 жылы Парламентке келе сала Үкімет басшысы А.Маминге жасаған депутаттық сауалы Қазақ тілінің конституциялық мәртебесін айқындап, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды талап ету болды.

Журналистерге сұхбат бермей қашатын сол кездегі Премьер-министр Асқар Мамин сол уақытта 125 мың адам қол қойып үлгерген хатқа да, тұжырымдамаға да жауап бермеді. Жұмған аузын ашпаған күйі кетті ақыры.

Енді Сағынтаевқа қарсы 26 мың адам қол қойған петициямен санасқан Президент Тоқаев, 126 мыңнан астам адам қол қойған Ашық хат талабын орындай ма?!.

Құрметті Президент!

Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдануын талап еткен Ашық хатқа қол қойғандар саны, Сағынтаевқа қарсы петицияға қол қойғандардан 5 есе немесе 500 пайызға артық.

Оған қоса қол қойғандар арасында өзге ұлт өкілдері, Ассамблея мүшелері баршылық. Ол аз болса, Ассамблея мүшелері Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдану керектігі туралы арнайы үндеу де жариялаған болатын.

26 мыңмен санасқан Сіз - 126 мыңның талабын сөзсіз ескеруіңіз керек қой!

Қазақ халқы мемлекеттік тілдің тапталуына тағы 30 жыл шыдап жүре алмайды ғой. Ондай уақыт сізде де жоқ. Сіздің президент ретіндегі басты парызыңыз - қазақ халқының мүддесін қорғау. Қазақ үшін өзекті болып отырған мемлекеттік тіл мәселесін шешіп, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдап тарихи қадам жасайтын сәтті Алланың өзі сыйлап тұр.

Қашанғы өз елімізде айыр тілді жыландай өмір сүреміз?!.

Азамат Тасқараұлы