Солтүстік Қазақстан облысының экс-бас полицейі және соңғы екі айда облыс бойынша Қылмыстық атқару жүйесі Департаменті басшысының міндетін уақытша атқарған Берік Біләлов парамен ұсталды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаменті 2023-ші жылдың қаңтарында келіп түскен өтінішке сәйкес, СҚО бойынша ҚАЖД бастығының міндетін уақытша атқарған Берік Біләловке қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады. Оған сай, Берік Біләлов 2021 жылы алаяқтық жолмен ақшалай қаражатты иемденген.
ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің хабарлауынша, СҚО-ға Біләлов екі айға іссапарға жіберілгенін және бір апта бұрын ол жақтан қайтып келгенін мәлім етті. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті қазіргі таңда Біләловтің ұсталғанын растап отыр. Сонымен қатар, ұсталған сәтте оның қылмыстық-атқару жүйесі комитетінде жұмыс істемегенін де атап өтті.
ҚР Бас прокуратурасының ұйғарымымен бұл қылмыстық іс бойынша тергеуді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жүргізеді. Тергеу бойынша жиналған материалдар осы органға жіберілді. ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы туралы өзге де ақпарат жария етілмейді.