Найти тему
Qazaqstan Media

Журналистерді қолдау қоры құрылды

Астанада «Журналистерді қолдау қайырымдылық қоры» құрылды. Ұйымды ашу үшін жұмыстар бір жыл бұрын басталған екен. Ал жақында қор ресми түрде тіркелген, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

БАҚ саласында еңбек етіп жүрген әріптестеріне бұл жаңалықты «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасы Берік Уәли жеткізген.

«Елордада «Журналистерді қолдау қайырымдылық қоры» құрылды. Бұл былтыр көктемде басталған жұмыс еді, жақында ресми тіркеліп, құжатымыз қолымызға тиді. Біздің әріптестер, тілшілердің тынымсыз тіршілігі туралы айтқанда, бірінші кезекте Шерағаңның қанатты сөзі еске түседі. Қайталап жатпайын, оны бәріңіз де білесіздер. Расында, 1 жарым минуттық сюжетке, бір тұщымды мақала мен радиохабар үшін журналист күні бойы тірнектеп материал жинайды, тараптарды тыңдайды, жан-жақты мәлімет алады, т.б.. Сол жұмыстар кезінде журналистен бөлек көзге көрінбейтін қаншама маман жұмыс істейді. Режиссер, оператор, жарық түсіруші, монтаж инженері, гримёр, дыбыс режиссеры, дизайнер, бет қаттаушы, контент-менеджер тіпті көлік жүргізушісіне дейін эфирге шығатын теле-радио өнімдер мен газет, журнал, сайтта жарық көретін дүниенің әр минуты, әр әрпі үшін жан аямай жұмыс істейді. Бұлардың бәрі – бір сөзбен айтқанда БАҚ қызметкерлері», – деп жазған Берік Уәли өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына.

Қордың жұмысы аз қамтылған отбасылардан шыққан жас журналистердің, жалғызбасты және көпбалалы журналистердің материалдық жағдайын жақсартуға, жас мамандардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесуге, баспана мәселесінің шешілуіне ықпалдасуға және құқықтық көмек көрсетуге бағытталған.

«Сонымен қатар, аталған ұйым журналистердің беделін арттыру, кәсіби-шығармашылық мүддесін, авторлық және сабақтас құқықтарын, ар-намысын, іскерлік беделін қорғау, еңбек, тұрмыс және демалыс жағдайларын жақсарту, ардагер журналистерге тиісті деңгейде құрмет көрсету мақсатымен кәсіптік одақтармен ынтымақтастық орнатуды да жоспарлап отыр», – делінген жазбада.

БАҚ өкілдерінің базыналарын білікті ардагер журналистер мен қоғам белсенділерінен құрылған арнайы комиссия қарайтын болады.