Найти тему

Халықты қиындықтан құтқарып қалудың амалы - зейнетақы қорынан ақшаны беру

Қазақстанда пандемия кезінде зейнетақы қорының 10%-ын қолдану ұсынылғаны белгілі. Осы мәселе жөнінде baq.kz-ке экономист Мақсат Халықпен талдап берді, хабарлайды e-gazet.kz.

Жақында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қоғамдық кеңесінің төрағасы Евгений Сейпульник осындай ұсыныс айтқан.

Қазіргі жағдай кәрілікке қажетті жинаққа деген көзқарасты өзгертуге және оған азаматтардың қаржылық проблемасын шешуге көмектесудің бір жолы деп қарауға түрткі болып отыр. Басқаша айтқанда, мен зейнетке шықпай тұрып, салымшылардың 10% мөлшеріндегі ақшасын кәдеге жаратуды ұсынамын, - деп жазды "Сейпульник" қоғамдық кеңесінің Facebook парақшасында.

Оның айтуынша, әр салымшының зейнетақы қорынан 10 пайызын мерзімінен бұрын алу келесі жүйе бойынша жүзеге аспақ:

- БЖЗҚ-да шоғырландырылған жинақ көлемінің 1,7 трлн теңгеге төмендеуі; - Әрбір салымшы үшін орташа төлемді 42 500 теңгеден 100 мың теңгеге дейін арттыру мүмкіндігі; - Салымшылардың Қор мен Ұлттық банктің іс-әрекеттеріне деген сенімін арттыру. - Қор жұмысының жаңа деңгейіне шығуы.

Халыққа зейнетақы қорындағы жинақтың 10%-ын шешіп беру керек

Осы ретте GSB UIB биз­несті талдау орталығының сарапшысы, эко­но­мист Мақсат Халық та бұл ұсынысты қолдап отыр.

Меніңше, жақсы ұсыныс. Себебі, қазіргі таңда азаматтарда ақша жоқ. Көп халық бір күндік табыс үшін күнкөріп жүр. Жанталасып жұмысқа шыққысы келеді. Көп жерде жұмыста қысқарту болып жатыр. Сондықтан белгілі бір дәрежеде жинақталған қаражаттың 10 пайызын алуға мүмкіндік берілсе, жақсы шешім болар еді. Себебі, ол азаматтардың қиын жағдайдан шығуына көмегі тиеді. Екінші жиынтық сұранысқа оңтайлы әсерін тигізеді. Жиынтық сұраныс оң көрсеткішке ие болса, халықтың сұранысын қанағаттандыра алатын төлем қабілеттігі оралса, онда бұл экономиканың өсіміне оңтайлы әсерін тигізеді, - дейді Мақсат Халық.

Оның айтуынша, тиісінше кәсіпкерлер де табысқа ие болады. Олар табыс тапса, жағдайы мүшкіл болмайды. 

Көпшілігі қазір банкроттықтың алдында тұрған жағдайы бар. KPMG аудиторлық компаниясы жақында есебін ұсынды. Сонда байқағанымыз, 300 шаруашылық жүргізу субьектісі жұмысын тоқтатқан. Ал 1 миллионы пандемияның салдарынан зардап шеккен. Қаншама компания қиын жағдайда. Ол жерде істейтін қызметкерлерге қазіргі кезде жұмысынан айырылып қалу қаупі төніп тұр. Ондай кезде тұрақты табысынан айырылған азаматтар әлеуметтік қиындыққа тап болады. Салдары қылмыстың, ұрлықтың өршуіне әкеліп соғады. Тіпті, халықтың келешегіне де әсер етуі мүмкін. Сондықтан бұған жол беруге болмайды. Қазіргі халықтың төлем қабілеттігін қамтамасыз етудің жолы сол. Халықтың қолына қаражат тиюуі тиіс. Әрине, 42 500 теңге аз да болса көмек, бірақ оны да бәрі бірдей ала алмайды. Сондықтан зейнетақы қорындағы қаражаттың 10 пайызын шешіп алуы ең тиімді ұсыныс, - дейді экономист.

Президент тапсырмасы аяқсыз қалды ма?

Былтыр 2 қыркүйекте ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы жинағының бір бөлігін белгілі бір мақсатқа жұмсау тетігін қарастыру қажет екенін жеткізіп, Үкіметке арнайы тапсырма берген болатын.

Үкімет пен Ұлттық банк біраз шаруа атқарып, зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыруы қажет. Бүгінде жұмыс істеп жүрген адам зейнетақы жинақтарын пайдалана алмайды. Оны тек зейнетке шыққан кезде ғана алуға рұқсат бар. Бірақ ол ақшаның зейнетке дейін пайдаланамын дейтін адамды да түсінуге болады. Сондықтан Үкіметке жылдың соңына дейін жұмыс істейтін адамдардың зейнетақы жинағының бір бөлігін мақсатты пайдалану мәселесін пысықтауды тапсырамын, - деген болатын Президент.

Осыдан соң, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі жұмысты бастап кеткені бар. Бірақ олардың айтқаны жалпы халыққа ұнаған жоқ. Министр Біржан Нұрымбетов қаңтар айында Президентке екі ұсыныс бергенін айтқан еді.

Біз Президентке екі ұсыныс бердік. Біріншісі, ер азаматтардың жинағы жеткілікті шектен асатын болса, яғни, 30 жастағы азаматтың жинағы 6,7 млн теңгеден, 50 жастағы азаматтың жинағы 7,2 млн теңгеден, зейнет жасына жеткен азаматтың жинағы 8,2 млн теңгеден асқан жағдайда, ол осы сомадан жоғары қаржының бөлігін ала алады. Осылайша, ақшаны есепшоттан алу адамның жасына байланысты болуы керек. Себебі, ер адам 30 жаста болса, оның 63-ке дейін ақша жинайтын тағы 33 жыл мүмкіндігі бар, - деді Біржан Нұрымбетов.

БЖЗҚ есептеуі бойынша, қазір Қазақстанда мұндай жинақ тек 113 мың адамда бар. Ал бұл ретте әйелдердің шекті жасы жоғарырақ екен.

Мұның себебі – әйелдердің ерлерге қарағанда өмір сүру ұзақтығы 5 жылдан 22 жылға дейін артық болуында. Зейнет жасына дейін ақша жинап, әрі қарай тағы 22 жыл өмір сүру үшін үлкен сома керек. Сол себепті, 30 жастағы ер адамға 6,7 млн теңге десек, әйелдер үшін шекті сома – 9,6 млн теңге, - дейді министр.

Дәл осындай мүмкіндігі бар зейнет жасына жеткен жандардың саны – 119 мың 500.

Осыдан соң, зейнетақы қорындағы ақшамның бір бөлігін алып, тұрғын үйге қол жеткіземін деген адамдардың біразының көңілі су сепкендей басылып қалды. Пандемия басталғалы осы тақырып тіпті қозғалған жоқ. 

Президент тапсырма берді. Бірақ сол жоба аяқсыз қалды деп айтуға негіз бар. Сол кезде шешімдер халықтың ыңғайына қарай шешілгенін қалап едім. Ондай шешім болған жоқ. Меніңше, зейнетақы қорына байланысты заңды қайта қарап шығу керек. Өйткені заң жобасын қабылдаған кезде елдің пікірі ескерілмеді, халықтың назарына ұсынылмады, - дейді Мақсат Халық.

13 % төлеуге елдің шамасы жетпейді

БЖЗҚ басшысы Жанат Құрманов 10 пайыздық салым көптеген азаматтың баспана мәселесін шешіп беруге қауқарсыз, сондықтан 13 пайызға көтеру керек деп ұсыныс айтқаны бар. Мақсат Халық алдымен елдің табысын көтерсін, сосын барып солай жасай берсін деп отыр.

13 пайыз деген дұрыс емес. Бұған дейін 15 пайызға көтереміз дегенде өз қарсылығымды білдіргенмін. Оған халықтың қалтасы көтермейді. Халықтың табысын өсіргенше, мемлекеттің де, зейнетақы қорының басшысының ондай ұсыныс айтар реті жоқ.  Алдымен халықтың нақты табысы 30 пайызға өсуі керек. Сол кезде ғана 13 пайызға көтеруге болады. Мұнда халықтың табысының өзі - атаулы және нақты табыс деп бөлінеді ғой. Атаулы табыстың өсімі жылда көп айтылып отырады. 200 мыңға жетіп қалды деп оқып жатамыз, бірақ шын мәнінде халықтың орташа табысы ондай емес екенін бәріміз білеміз. Оның есептеу технологиясы ескіргенін де сарапшылар айтып жатырмыз, - дейді ол.

Экономист сондықтан батыстық жүйедегі медиандық тәсілмен орташа жалақыны есептеу керек деп отыр. 

Яғни халықтың басым көпшілігі қанша жалақы алатынын есептеп, орташасын шығарады. Менің есебімше, біздің елде бұл көрсеткіш 100 мың теңге көлемінде. Халықтың көпшілігінің табысы осы жобада. Сондай ғана жалақы алатындарға зейнетақыға аударатын жарнаны көбейт деген дұрыс емес. Кәсіпкерлер үшін де оңтайлы болмайды. Себебі, кәсіпкерлер 13-15 пайыздық аударым жасайтын болса, онда қолма-қол төлейтін азаматтардың айлықтары қысқарып қалады. Сосын мотивация төмендеп, еңбек өнімділігі азаяды. Білікті кадрларынан айырылып қалуы мүмкін. Қазір кәсіпкерлер онсыз да қиын жағдайда. Көбісінде бірнеше несиеден бар. Мемлекет тарапынан жеңілдетілген 6-8 пайыздық несиелерді  ала алмай отыр. Өйткені бұрыннан несиелері бар. Қайта қаржыландыруға жіберейін десе, пайыздары тіптен өседі. Сосын көп компания банкрот болып жатыр. Медициналық сақтандыру қорына да төлем жасау басталғанын білесіздер. Ол жақта қандай жағдай болып жатқанын көріп отырмыз. Басшылық өздеріне қыруар жалақы тағайындап алған. Орташа жалақы 850 мың теңге болып тұр. Бұл халықтың бөліп берген қаражатын талан-таражға салу, - дейді Мақсат Халық.

Зейнет жасын қай кезде ұзартуға болады?

Қазақстанда ер азаматтардың зейнет жасы – 63, ал әйелдер 58 жастан шығып жүрген еді. Сосын 2013 жылы әйелдерді ерлермен теңестіру ұсынылған. Бірақ Президент бес жылға мораторий қойып, "потамушта-потамушта" атанып кеткен министр Серік Әбденов қызметінен босағаны белгілі. Енді мароторий бітті. Әйелдердің зейнет жасы жыл сайын 6 айға өсіп, 2027 жылға қарай 63 жасқа дейін жетпек. Мысалы, 2020 жылдың басынан бастап 59,6 жасқа толған әйелдер ғана зейнеткерлікке шықты. 

Елдің есінде "потамушта" деп сақталып қалған министріміз бірден өзгерту керек деп сынның астында қалды. Енді ұзақ мерзімге бірте-бірте ауыстырып жатқаны дұрыс. Негізі зейнетақы жасын бір жағдайда ұзартуға болады. Елдің орташа өмір сүру жасы артқан кезде. Тек жай ғана ұзарта салу емес, жапондық секілді 90 жасқа жеткен болса. Олар енді тек зейнет жасын 70-ке жеткіземіз деп жатыр. Яғни халықтың өмір сүру жасының ұлғаюымен ғана зейнет жасын көтеруге болады, - дейді GSB UIB биз­несті талдау орталығының сарапшысы.

#egazet #общество #новостикз #алматы #newskz #almatytoday