Найти тему
Қазақпарат

Шетелдік жұмысшылар қай салаларда жұмыс істейді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Шетелдік жұмыс күші негізінен Түркия, Қытай, Үндістан, Өзбекстан және Ұлыбританиядан келеді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің елге шетелден жұмыс күшін тартудың екі көзі бар. Біріншісінде - шетел мамандары компаниялар мен мекемелерке тартылса, екіншісінде – жеке адамдар, яғни Қазақстанның азаматтары өзінің жеке шаруашылағына тартады. Компанияларға тартуға қатысты тоқталсақ, бұл жерде мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы – ішкі еңбек нарығын қорғау. Сондықтан квота секілді тетіктер іске қосылған. Квота - ол біздің елімізде шетелдік жұмыс күшіне рұқсат берудің шегі», - деді Б. Нұрымбетов Парламент Сенатында шетелден жұмыс күшін тарту тақырыбына арналған кеңесте.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда елімізде 19 мың шетелдік жұмыс күші қызмет етуде. Соның арасында 111 мемлекеттің өкілі бар.

«Жұмысқа тартылғандардың басым бөлігі, яғни 64 пайызы құрылыс, тау-кен және өңдеу өнеркәсібі салаларында жұмыс істейді. Негізгі келуші елдер ретінде Түркия, Қытай, Үндістан, Өзбекстан және Ұлыбритания тіркелген. Компания шетел жұмыс күшін тартқаннан кейін, ол міндетті түрде жергілікті бюджетке салым төлеуі (әр маманға 363 мыңнан 662 мың теңгеге дейін) керек. Былтыр жұмыс берушілер (рұқсат алғаны үшін) 19 мың адамға 8,2 млрд теңге мөлшерінде салымын төледі. Шетел жұмыс күштерін тартып жатқан компаниялардың саны 2 400-ді құрады. Дәл сол мекемелерде Қазақстанның азаматтары кадрлық жағынан 96 пайыздан төмен емес», - деді министр.