Найти тему
erekepost

Huawei мәселесі

Google-дің Huawei техникаларын қолдауды тоқтатуы туралы хабар гаджетсүйер жұртты біраз дүрліктірді. Трамптың «қара тізіміне» енген компаниямен жұмыс ендігәрі бәріне қауіпті. Америка санкциясына ұшырамау үшін бизнес әлемі әлдеқашан екі қадам алда жүреді.

Саясатпен айналыспайық.

Бұл оқиғаның қазақстандықтар үшін онша таныс емес жалғасы бар. Google-ден кейін - Intel, Qualcomm, Broadcom, Xilinx Inc сияқты микроэлектрониканың төрт алпауыты да өз жұмысшыларына Huawei-ге байланысты жабдықтар жіберуді «әрі қарайғы пәрмен болғанға» дейін тоқтататынын хабарлаған /Bloomberg/.

Осылайша, Huawei-дің смартфондардан бастап, ноутбук пен желі жабдықтары өндірісі бизнесіне кәдімгідей қатер төнді деуге болады. Айталық, Huawei ноутбуктарына процессорды Intel-ден алатын; ал смартфондарына процессор беретін Qualcomm еді.

Бірақ қытайлық hi-tech алпауыт өңін бермеуге тырысуда. Huawei флагман гаджеттерін әлдеқашан өзіне қарасты HiSilicon Technologies шығаратын чиптерге көшіріп алған болатын. Мысалы, менің P9Lite смартфоным Kirin процессорымен тұр:

Huawei P9Lite (VNS-L21) смартфонындағы процессор
Huawei P9Lite (VNS-L21) смартфонындағы процессор

Ендеше, QualComm-мен кикілжіңнің зардабы жеңілдеу деуге болады.

Бірақ 2020 жылға қарай «әлемнің үздігі боламыз» деген ұранның орындалуы екіталай. Себебі, HiSilicon-ның, жалпы Қытайдың ғылыми-технологиялық әлеуетін жаһандық жетістіктерден бөліп қарау қиын. Бұл жерде қарабайыр қисынға саламыз: егер Қытай микрондық технология мен топология саласында Батыстан озса — сырттан сатып алғанды әлдеқашан тоқтатар еді. Сондықтан, Қытай тарапының мәлімдемелеріне қарамастан, Huawei-ге технологиялық тұрғыдан артта қалу қаупі кәдімгідей бар, мысалы, корейлік Samsung қарап жатады деп ойлауға еш негіз жоқ. Темір-терсекке қатысты жалпы бейне осы.

Ал енді Android жүйесінен айырылса қайтеді? Меніңше, бұл жерде де Huawei шындықтан гөрі, намыстың әңгімесін айтып жүр. «Өзіміз-ақ жасап аламыз!» деп қоқия беруге болады, тіпті — жасап алуға да болады; бірақ оған app жазатын миллиондаған программистерді тез арада тәрбиелеп ала қоюға бола ма? Меніңше, мүмкін емес. Android — кодерлерге «ауруы» әбден белгілі болған «атыспаққа жақсы ескі жау». Оның үстіне — ешкім Америка нарығында сатылмауы мүмкін app жасауды үйрене қоймас еді.

Соның арасында қытайдың «Егемен Қазақстаны» іспетті - CGTN, Трамптың әлгі қылығының кесірі өзінен бұрын, бүкіл әлемге тиеді деуден танбауда.

Осы жерде, Трамптың қылығына оралайық. Трамп ол, жалпы - саяси, іскерлік процедураларға; этикетке, бюрократиялық сатыларға әлдеқашан түкіріп тастаған адам ғой. Бүгін былай деді. Ал ертең айнып шығуы мүмкін. Сосын осы әңгімелер ұмыт қалуы мүмкін.

Тек технология туралы айтқым келген. Бірақ қарасайшы: қалай саясатпен айналыспайсың, ал?