Біздер кейде көзімізге бақырайып көрініп тұрған кемшіліктерімізді көрмей, басымызға бір жамандық келсе, астағфируллаһ, не Құдайдан, не бір-бірімізден көріп, жаға жыртысып, ұрысып-керісіп кетеміз. Мыңдаған жылдар бойы түркі тілдес халықтар байқамай келген үлкен кешілігіміз бар. Бұл жазбаларымда сол туралы айтқалы отырмын. Егер жан-жағымызға бажайлап, анықтап қарасақ, қазіргі уақытта күллі әлемге билігін де, иделогиясын да жүргізіп отырған азулы елдердің «жекешелендіріп» алған өз жылсанаулары мен күнтізбелері бар екенін көреміз. Бәрімізге ежелгі замандардан таныс көне тарихқа жүгінсек, ежелгі Оғыз Хан заманынан бастап, бергі тұстағы Ғұндар патшасы – Аттила, Көк Түрік ұландары – Күлтегін мен Тоныкөк, одан да берідегі – Шыңғысхан замандары кезінде, түркі халықтарының «Тоғыс есебі» атты жұлдыздық ай-күн күнтізбесіболғанын екінің бірі біле бермейді. Бүкіл Түркі жұрты бірауыздан осы күнтізбе негізінде түзілген жылсанау жүйесі мен осы ғажайып күнтізбені ресми қабылдап, мойындағанда ғана, әлемде орнығып, өз орнымызды таба аламыз. Қазіргі қолайлы сәтті пайдаланып, түркі халықтары өздерінің ортақ жылсанауы мен «Тоғыс есебі» күнтізбесін «меншіктеп» қалмаса, күндердің-күнінде түркі жұрты уақыттың ұйығына батып, із-түзсіз жоғалатыны анық. Бұл ақиқат көпшілігіміз біле бермейтін уақыттың ең үлкен құйтырқылыққа толы заңы болып саналады. Түркі халықтары бір тудың астына бірігіп, шығыстан батысқа қарай әскери жорыққа шығып, осыдан екі мың жыл бұрын әуелі ежелгі Римді талқандады, мың жылдан кейін христиан дінінің «алтын бесігі» Византияны толық басып алып – Түркі мемлекеті құрылды. Кәрі еуропа тарихы бұл жайларды «кездейсоқ құбылыс» деп мойындамағанымен, ақиқатында бұл аспан мен жердегі он сегіз мың ғаламға билігі толық жүретін құдіреті күшті Құдайдың әмірімен болған «заңды құбылыс» екенін түсінетін кез туып келеді. Алланың хақ діні – Исламды қабылдаған күллі түркі өркениетіне соңғы мың жыл бойы әлемнің азулы діндері жабылып, күлін көкке ұшырғысы келсе де, қолдарынан ешнәрсе келмеді. Алланың ақиқатын жасыруға тырысу – Күннің сәулесін алақанмен көлегейлегенмен бірдей күлкілі нәрсе екенін уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Күні кеше (10.11.2020) Түркияның рухани және әскери жәрдемімен бауырлас Азербайжан халқы 30 жыл бұрын Таулы Қарабақта айырылып қалған жер аумағын көрші армяндардан толығымен қайтарып алғанына куә болдық. Осы жеңіс мың жыл бойы құлдықтың қамытын киіп, рухы жаншылып, саналары сарғая бастаған күллі түркі халықтарының рухын дүр еткізіп оятып, ойларында от лаулатқанына куә болып отырмыз. Болған жайлардың бәрін санамен сараптап, ой елегінен өткізу арқылы Алланың не үшін түркі өркениетін Жер бетінен жойып жібермей, иншаллаһ, түркі халықтарын сақтап қалғанын, әрбір түркі ұланы түсіне бастады. Сөз жоқ, алдымызда біздерді Ұлы істер – Ұлы Түркі рухының алтын дәуірі күтіп тұр! – деп сенемін...