Атамыз қазақта «ештен кеш жақсы» деген тамаша мақал бар. Мыңдаған жылдар бойына әр түрлі себептермен – ата-бабаларымыздың кеңістік пен уақыт шеңберінде жүзеге асыра алмаған ортақ жылсанау дәуірі мен күнтізбе жүйесін қолдану армандарын бүгінгі түркі ұрпақтарының түзеп жіберуіне ешқандай да кедергі жоқ. Тек ақ ниет, ыстық ықылас пен жігер болса жетіп жатыр. Бұл көкейкесті мәселені жете түсінбейтін кейбір түркі елдерінің басшылары «Түркі жұрты, әлһамдулилла, әлмисақтан мұсылмандар, ендеше б.з. 622-жылғы 16-шілде, жұма күнінен басталатын һижра дәуірі және Ай күнтізбесі тұрғанда, біздерге жаңадан жылсанау дәуірі мен күнтізбе ойлап табудың қажеті қанша?» деп қарсылық танытары даусыз. Былай қарасаң бұл дұрыс уәж сияқты болып көрінеді. Бірақ, барлық мәселе түркі халықтарының әлемге қасиетті Ислам діні келгенге дейін «өркениетті ел» болғандығында болып тұр. Біріншіден, егер Абу әл-Ғази Бахадур ғұламаның «Шаджара-и Таракима» еңбегіне сүйенсек, иншаллаһ, түркі халықтарының Оғыз Хан заманынан бері өмір сүріп жатқандарына – 7 мың жылдай уақыт болып қалғанын байқаймыз. Ал исламдық һижра дәуірінен басталатын жылсанауға – 1398 жыл, христиандық жылсанауға – 2020 жыл ғана болды. Екіншіден, бүгінгі түркі халықтарының ұлттық жалауларына назар аударып қарасаңыз, кейбір жалауларда тек Ай (Оғызхан ұлы Айхан) ғана емес, Күн (Оғызхан ұлы Күнхан) және жұлдыздар (Оғызхан ұлы Жұлдызхан) белгіленгенін көреміз. Бұл суреттер Оғызхан заманында – Ай, Күн және Жұлдыздарға негізделген күнтізбелер болғанын дәлелдейді. Үшіншіден, қазіргі Исламдық Ай күнтізбесі – тек діни күнтізбе қызметін атқарады. Ай күнтізбесі – Жердің Күнді айналып қозғалуы салдарынан туындайтын жер бетіндегі жыл маусымдарына тұрақтамай, жыл сайын 10-12 күн арасында ығысып отырады. Ай күнтізбесінің бұл басты кемшілігі Жер бетіндегі экономикалық тіршілікті, мысалы, егін егу мен мал шаруашылығы және т.б. жүргізу үшін қолайсыз. Сол себепті ежелгі замандардан бастап Ай күнтізбесімен бірге, оған жанама түрде Күн және Жұлдыздар қозғалысына негізделген күнтізбелерді қосымша қолдану арқылы осы мәселе реттеліп келе жатқанын бәріміз білеміз. Түркі халықтарында әлемде теңдесі жоқ «Тоғыс есебі» атты жұлдыздық ай-күн күнтізбе (бұдан әрі – ЖАКК) жүйесінің болғаны осы жазбаның соңында кеңінен баяндалады.
403-ші Қара пайым-сөз: Түркі әлемінің мыңдаған жылдар бойына жіберген қателігін түзеуге әлі де кеш емес
1 минута
24 ноября 2020