Заман өзгерген бе, әлде адам ба? Абай жырлаған қоғам мен адам сипаты бүгінгі күннің жағдайымен жанаса ма? Заман ахуалы адамның болашағына қандай әсер тигізеді?
Бүгінде адамдар екіге қақ бөлініп, біреуі «заманды адам бүлдірді» десе, келесісі «заман адамды бүлдірді» дейді. Дегенмен, менің ойымша, заман өзгерді деп айту орынсыз, оны өзгертетін адамдар. «Заман талабы» дегеннің өзі, адамдардың ісі. Менің топшылауым бойынша, әлемдегі барлық адамдар стилист секілді, ал жанағы стилистпен таңдалған киімді киетін модель ол – заман. Егер стилист модельге жарасатын образды таңдап, оны талғамды етіп киіндірсе, адамның көркін ашты деген сөз. Ал егер модельдің үстіне бір-біріне жараспайтын киімді кигіздірсе, адамның сұлулығын бұрмалайды. Яғни, адамдар жақсы әрекеттерді жасап, қоғам үшін еңбектенсе, заманды гүлдендіреді, ал салдары үлкен апатқа, ахуалға әкелетін әрекеттерді жасаса, заманды бүлдіреді деген осы.
Абай жырлаған, сөгіс айтқан, бағыт-бағдар берген қоғамның заманын да жасаған адам қолы. Абайдың өзі де заманды емес, адамдарды айтқан. Халықты өз өмірін, сауатын, әлеуметін өз қолына алуға шақырған. Дегенмен нәпсі кеселдері қашанда болған және олар әрдайым адамға кесірін тигізуден жаңылмаған. Сол ғасырда да, қазірде де және басқа замандарда да қоғамда сауатсыздық, пендешілік және жемқорлық сияқты індеттер болды. Абай өлеңдері осы жағдайларды реттеу, адам рухын ояту, іштегі адамдық қасиеттерді жандандыру және жұмысты әділ әрі бірлесе жасауға баулыды. Оған дәлел оның «Жаз жіберіп, күз атын міне алмай жүр» өлеңіндегі мына жолдар: «Жасы кіші үлкеннен ұялмай жүр, Сұрамсақтар нәпсісін тыя алмай жүр».
Бүгінгі күні де әлемде бір минутта миллион жағымды және тағы миллион жаман жағдайлар болып жатыр, олардың көпшілігі адамның арқасында немесе кесірінен орындалады. Заман өз бетінше ағып жатқанда, біз – адамдар, өз әрекетімізбен оны өңдеп, түрлендіреміз. Көптеген шиеленістер және келеңсіз жағдайлар осы ғасырда басталған жоқ, оның тамыры тереңде, ертеректе қазулы. Сондықтан да кез келген адамзатқа ортақ жағдайлар біздің бүгінгімізге қаншалықты әсер етсе, болашағымызға да соншалық әсер етеді. Қазірдің өзінде адам басына төнген пандемия оқуға, күнделікті өмірімізге, ертеңімізге және бүгінгі кешімізге түбегейлі өзгерістер әкелді. Бізден кейінгі ұрпақ басқа білім алады, басқаша дәріптеледі және ойлау дағдысы да өзгеше болады. Бүгінгі пандемияның кесірінен қарапайым мамандықтар да қысқартылуы мүмкін, ал келешекте жаңашалары шығуы мүмкін. Оның барлығы адам әрекеттерінің заманға кіргізген өзгерістері және сол өзгерістердің адам болашағына енгізіп жатқан жаңалықтары. Сол себепті, біздің қазіргі заманда жасап жатқан әрекеттеріміз міндетті түрде нақты бір ерекшелік әкелетіні сөзсіз.
Қорытындылай келе, менің айтқым келген түпкі ойым: біз адамға таңқалып, адамға ренжуіміз қажет, заманға емес. Уақытты сәтті не сәтсіз қылатын біз – адамзат. Өз күшімізге сеніп, тек жақсы, тұрарлық істер жасау керек. Еліміздің тұнгыш президенті Н.Ә.Назарбаев айтқандай, «қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман». Заманды бірге жандандырайық, бірлесе еңбектенейік!