Әрине сіз бен біз – туысқандықтың не екенін білеміз. Тіпті араларыңызда туысқандықтың не талдайтыны бар, ол былай ғой, анау ғой, мынау ғой – деп білгішсініп отырғандарыңыз да табылар. Бірақ осы қазақтың «туысқандық, тектілік» деген асыл қасиеттерін қызғыштай қорып, шыр-пыр болған аға буын қазақтарды «ұятмэндер» деп атайтын және айыптайтын «мәңгүрт» жас ұрпақ қаптап өсіп, біздерді өкшелеп қуып жетіп қалғанын көріп отырмыз. Неге бұлай болды, қазақ қай жерде қателесті? Мемлекетіміз тәуелсіздік алған бойы «ашынған қарынды тойдырсам болды, басқасы өз-өзінен құралады» деп тек біржақты нарықтық (рыночный) экономиканы, халықты жұмыспен қамтуды ғана ойлап, ұлттық-рухани тәрбиені күл-қоқыс, боқ-сідік тастайтын күресінге лақтырып жіберді. Негізінде кешенді түрде үшеуін де қатар алып жүру керек еді. Амал қанша болар іс болды, бояуы сіңді. Босқа өткен уақыт пен мүмкіндікті кері қайтарып, машиналар сияқты жөндеп, қалпына келтіру және жетілдіру енді мүмкін емес. Ашынған қарын тойынды, екі қолға бір жұмыс табылды, бірақ, бірақ, қазақы әдет-ғұрып, салт-дәстүр арада отыз жыл өтпей жатып, өзінің орнының ойсырап бос қалғанын білдіре бастады. Қысқасы, осылайша ойланбай іс жасап, қазақ халқы басына бәле тілеп алды. Құдай-ау, енді не істейміз деп жан-жағына алақ-жұлақ етіп қараған қазақтардың қарасы көбейді. Тақырыпқа қатысты мағынасы терең бір анекдот айтайын: «Жедел жәрдемге бір қазақ телефон шалып, ойбай тезірек келіңдер, кішкене балам құм шайнап жеп қойды – депті. Дәрігер, қазір барамыз деп, «әні-міні» деп аспаптарын жинап жатқанда, әлгі қазақ тағы қоңырау шалып: ойбай, тез жетіңдер, құрыдым, әлгі балам енді цемент жеп қойды – деп сәл үнсіз қалып, «сендер келгенше не істейін, тезірек кеңес айтыңдар» дейді. Сонда әлгі дәрігер саспастан: «біз келгенше балаңыз су ішіп қоймасын, енді соны қадағалаңыз» деген екен. Сол дәрігер айтпақшы, топырақ-құмды шайнап жеп алып, миы айналып қалған ұрпағымызға енді су ішкізбеудің амалын бүкіл халық болып ойлануымыз керек. Бәрін бетімен осылай жібере салу қауіпті және бәріне бір сәтте тыйым салып, тоқтатып тастау, одан да қауіпті. Сасқалақтаған үйрек-балықтар әдетте «артымен суға сүңгитіні» рас нәрсе. Біздерге дәл қазір сол үйректер мен балықтар сияқты сасқалақтамау аса қажет нәрсе. Меніңше, осы жерде отырған оқырмандарым сабырлық танытып, «Қазақтың тоғыз танымы, сегіз сенімі және жеті жетістігі» атты жазбаларымды толық оқып шығуға төзімдері жетсе, келер ұрпақтың ішіне бетон қатырмаудың амалын ойлап табар деп ойлаймын. Ұзын сөздің ырғасы, жас ұрпаққа бірдеме деп ақыл айту үшін үлкен ұрпақтың өзі бірдеме деп айтатын ақылының жүйелі, саналы және салмақты болуын меңгеріп алуы қажет.
278-ші Қара пайым-сөз: Жас ұрпаққа ақыл айту үшін әуелі үлкен ұрпақтың өзі ақылды болуы керек
2 минуты
18 сентября 2020